Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады.
Фото, видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін елордада Құрылтай Регламентінің жобасын қабылдау кезінде депутат Снежанна Имашева мәлім етті,деп жазады inform.kz.
- Заң шығару процесі – Регламенттің ең ауқымды әрі мазмұнды бөліктерінің бірі. Жобада заң жобасының Құрылтайға енгізілген кезінен бастап заң қабылданғанға дейінгі бүкіл өту жолы толығымен реттеледі. Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады. Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасының одан әрі пысықталуын ұйымдастырады. Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады, - деді С. Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Оларды жұмыс тобы мен бас комитет жинақтап, салыстырма кестеге енгізеді.
Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады. Ал үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды. Бұл кезеңде заң жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамасына, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге, ішкі қайшылықтар мен редакциялық сипаттағы ескертулерді жоюға бағытталған түзетулер ғана қаралады.
- Екінші оқылымда мақұлданған жобаның құқықтық мазмұнын өзгертетін түзетулер қаралмайды. Түзетулермен жұмыс істеу тәртібі де жеке реттелген. Жобада депутаттардың, комитеттердің және фракциялардың түзетулер енгізу тәртібі, салыстырма кестелерді дайындау, түзетулерді жұмыс тобы мен бас комитетте қарау рәсімдері белгіленген. Сонымен қатар Құрылтайда қаралып жатқан заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделген. Комитет ұсыныстарды қарап, оның қорытындысы бойынша оларды салыстырма кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауға тиіс. Бұл, бір жағынан, жедел заңнамалық ден қою мүмкіндігін сақтап қалу, ал екінші жағынан – заңнамалық бастаманың белгіленген рәсімін алмастыруға жол бермеу үшін өте маңызды, - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасын заңнамалық бастама субъектісі оны қараудың кез келген кезеңінде қайтарып ала алады. Регламентте заңнамалық сипатта болмайтын актілерді қабылдау тәртібі де реттелген. Оларға өтініштер, декларациялар мен мәлімдемелер жатады.
- Сонымен бірге Регламент Құрылтайдың Конституцияда көзделген лауазымды адамдарды тағайындауға Президентке келісім беру, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылықтан айыру жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін айқындайды. Тиісті ұсынымдар мен кандидатураларды енгізу және қарау, оларды талқылау, дауыс беру және Құрылтай шешімдерін қабылдау рәсімдері белгіленеді, - деді С. Имашева.


