Алматыдағы аялдамада зейнеткерді аяусыз ұрған жігітке үкім шықты

0
112

Ол жәбірленушіге 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.


Алматыдағы аялдамада зейнеткерді аяусыз ұрған жігітке үкім шықты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматыда аялдамада тұрған зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан 26 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады stan.kz.

Алматыда ер адам аялдамада тұрған зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан. Оқиғадан кейін ер адам ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы, "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бұзақылық әрекеттердің ауырлығына қарай 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция шабуыл жасаған адамды тез анықтады, себебі оны жақсы танитын болған. Қылмыскердің аты-жөні – Илья Терёнов.

Сот алдында қоғамға анық қауіп төндіретін адамға қандай жаза тағайындау керек деген бір ғана мәселе тұрды. Терёновқа екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда судья Қуаныш Терлікбаев оған қатаң режимдегі колонияда бір жыл жазасын өтеу жеткілікті деп шешті.

Сонымен қатар ол жәбірленушіге 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл сомаға әйелдің емделуге, адвокатқа жұмсаған шығындары және моральдық зиян кіреді.

Бұған дейін Илья Терёнов кісі өлтіру және қажетті қорғаныс шегінен асып кетіп, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша жауапқа тартылған (Қылмыстық кодекстің 102 және 112-баптары).

Белгілі болғандай, 2020 жылы Ильяның үйіне анасы жұмыс істеген мейрамханадан ірі көлемде ақша ұрлады деп күдіктенген екі ер адам келген. Олар агрессивті түрде әрекет етіп, темір есікті сындырып, үйге басып кірген. Сол кезде 20 жастағы Илья оларды қолына пышақ алып қарсы алған. Ол ер адамдардың бірін пышақтап өлтіріп, екіншісін қатты жарақаттаған.

Сот Терёновтың отбасын қорғағанын мойындағанымен, оның қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенін анықтады. Сондықтан ол екі жылға ғана бас бостандығынан айырылды. Сол кезде сотталушының психикалық денсаулығына қатысты мәселе де көтерілген, алайда ол ақыл-есі дұрыс деп танылды.

Илья түрмеден босап шыққаннан кейін 2026 жылғы сәуірге дейін тыныш өмір сүрген. Алайда ол кездейсоқ аялдамада тұрған әйелге шабуыл жасап, оны полиция ұстап әкетті. Ол кінәсін бірден мойындап, бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргенін растады.