Жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік мерзімі 2 жылдан 10 жылға ұзартылады

0
121

Қазіргі Азаматтық кодексте нысанды пайдаланудың жалпы мерзімі 10 жыл деп көрсетілсе, салалық заңнамада кепілдік уақыты 2 жылдан кем болмауы тиіс деп белгіленген.


Жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік мерзімі 2 жылдан 10 жылға ұзартылады

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Құрылыс кодексінің жаңа жобасында жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік мерзімін 2 жылдан 10 жылға ұзартуды ұсынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі Азаматтық кодексте нысанды пайдаланудың жалпы мерзімі 10 жыл деп көрсетілсе, салалық заңнамада кепілдік уақыты 2 жылдан кем болмауы тиіс деп белгіленген. Осы олқылықты пайдаланып, көптеген құрылыс компаниялары тек екі жылдық кепілдікпен жауапкершіліктен сытылып кетеді.

“Алғашқы екі жылда ғимарат сырт көзге сапалы көрінгенімен, уақыт өте келе ақаулар шығып, кейде апатты жағдайға дейін жетіп жатады. Соның салдарынан үш жылдан соң құлап жатқан мектептерді, қасбеттері мен шатырлары бұзылған нысандарды көріп жүрміз. Екі жылдық кепілдік – “жұмысты бітірсек болды” деген көзқарастың нәтижесі. Бұл – суық ауруханалар мен төбесінен су ағатын мектептерге әкеліп соқтырып отыр, – деді депутат.

Жайымбетов Құрылыс кодексі жобасында ұсынылған 5 жылдық кепілдік мерзімі де жеткіліксіз екенін айтып, негізгі элементтерге ұзақ мерзім белгілеуді ұсынды.

“Іргетас, қасбет, шатыр және тірек қабырғаларына 10 жылдық кепілдік болуы керек. Ал басқа бөліктеріне 5 жылдық мерзім жеткілікті”, – деді ол.

Министр Ерсайын Нағаспаев бұл ұсыныстың орынды екенін айтты.

“Шынында да, қазіргі екі жылдық кепілдік мерзімі ақау анықталған жағдайда қиындық туғызады. Сондықтан біз құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру мақсатында кепілдік мерзімін кем дегенде 5 жылға ұзартуды ұсынып отырмыз. Ал сіз атап өткен элементтерге 10 жылдық кепілдік енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Жалпы, бұл бастаманы қолдаймыз”, – деді министр.