Жаңа жыл: Мерекелік кештерді қандай ғимараттарда өткізуге тыйым салынады

0
916

Мерекелер кезінде адамдардың қырағылығы айтарлықтай төмендейді.


Жаңа жыл: Мерекелік кештерді қандай ғимараттарда өткізуге тыйым салынады

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қандай сақтық шараларын қаперде ұстау керектігін айтты, деп жазады inform.kz.

«Елімізде күніне орта есеппен 20-30 өрт тіркеледі. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында олардың саны екі есе артады. Мысалы, былтыр 31 желтоқсанда 40 өрт тіркеліп, 4 адам қаза тапты. Ал 1 қаңтарда – 42 өрт тіркеліп, 3 адам қаза тапты. Айта кету керек, өрттің көбі тұрғын үй секторында болады», - дейді ресми өкіл.

Оның сөзінше, қалыпты жағдайда елдегі өрттердің 60%-ы тұрғын үйлерде болады. Ал Жаңа жыл меркесі кезінде бұл көрсеткіш 80%-ға дейін артады.

Мерекелер кезінде адамдардың қырағылығы айтарлықтай төмендейді.

«Ұйым басшылары жаппай мерекелерді өткізу кезінде мына мәселелерді ескеру керек:

- кемінде екі эвакуациялық есігі бар, терезелерінде тор орнатылмаған, екінші қабаттан биік емес жерде орналасқан кеңістікті пайдалану қажет;
- шырша құрған кезде бұтақтары қабырға мен төбеге тимейтіндей етіп, үйдегі қозғалысқа кедергі келтірмейтіндей, есіктерді жолын жаппайтындай етіп етіп орнату керек;
- электр қуатына жалғанатын сәндік бұйымдарды техникалық нормаларды сақтай отырып құру керек;
- іс-шараларды өткізген кезде сахна мен залдарда өрт қауіпсіздігіне жауапты мамандар кезекшілік ету қажет», - деді Жанна Дәуренбекова.
Ведомствоның ресми өкілі Жаңа жыл мерекесі кезінде қандай әрекеттерге қатай тыйым салынатынын айтты. Олар:
- үй немесе ғимарат ішінде өрт қаупі жоғары отшашу ұйымдастыру;
- мерекелік кеш өтетін залдағы жолдардың енін тарылту, адам жүретін жолдарға қосымша орындықтар қою;
- іс-шара кезінде бөлмедегі жарықты толығымен өшіру;
- үй-жайды белгіленген нормадан артық адамдармен толтыру.

«Елімізде жыл сайын жүзден астам адам пиротехникалық өнімдерден зардап шегеді, оның 30 пайызы – балалар. Петарда, отшашуларды сатып алғанда ең алдымен, өнімнің сертификаты туралы құжат сұраңыз және пиротехникалық заттарды пайдалану ережелерімен міндетті түрде танысыңыз.

Әсіресе сақтау мерзіміне назар аударуды ұмытпаңыз. Егер тауардың жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, оларды мүлде пайдалануға болмайды. Қаптама бұзылмаған және жыртылмаған болу керек. Пиротехникалық заттарды ұшыру кезінде темекі шегуге қатаң тыйым салынады. Көліктердің жанында пиротехниканы атуға болмайды. 50 метр радиуста өрт қауіпті объектілер болмауы керек.

Көрермендер фейерверктерді ұшыру алаңынан 15-20 метр қашықтықта болуы керек. Өнімді қолда ұстап атуға тыйым салынады», - дейді ресми өкіл.

Сондай-ақ, ол «бенгал шамын» жанғыш материалдардан алыс пайдалану керектігін ескертті.