Құзырлы орын бұл қадамға себеп ретінде зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты тәсіл жыл өткен сайын қысқарып, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін арттыру керектігін айтады.
ERNUR.KZ. Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы аясында 2018 жылдан 2027 жылға дейінгі аралықта әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2027 жылы ерлердікі сияқты 63 жасты құрайтын болады деп жазады Ulysmedia.kz.
Құзырлы орын бұл қадамға себеп ретінде зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты тәсіл жыл өткен сайын қысқарып, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін арттыру керектігін айтады. Бұл дегеніңіз, адам неғұрлым ұзақ жұмыс істеп, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аударса, зейнетақының мөлшері соғұрлым көп болмақ.
Осылайша биыл нәзік жандардың құрметті демалысына аттану шағы 60 жасты құрап отыр. Сәйкесінше келесі 2022 жылы әйелдер қауымы бейнетінің зейнетін 60 жас 6 ай кезінде көру мүмкіндігін иеленбек. Дегенмен көпбалалы аналар зейнетке шығудың жалпы белгіленген жасынан әлдеқайда ертерек шығады: 53 жасында зейнетақы 5 және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды сегіз жасқа дейін өсірген әйелдерге тағайындалады.
«Сондай-ақ, әйелдер үшін зейнетақы төлемін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеуге (01.01.1998 жылға дейін) және базалық зейнетақы төлемін тағайындауға (01.01.1998 жылдан кейін) жеңілдік бар: жұмыссыз ананың балаларды бағып-күткен уақыты еңбек өтіліне есептеледі, бірақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау уақыты назарға алынады», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.
Алайда, көпбалалы аналар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана базалық зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 18669 теңге мөлшерінде (2021 жыл) төленеді.
Заңда жеңілдікті зейнетақының басқа да бір түрі қарастырылған. Ол төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін кемінде 5 жыл тұрған азаматтар зейнеткерлік төлемдерді жасына қарай алуға құқылы:
1) ерлер - 50 жасқа толғанда;
2) әйелдер - 45 жасқа толғанда.
Алайда, осы кезеңде Семей ядролық полигонына іргелес аудандарда өмір сүрген ерлер де, әйелдер де зейнет жасына жетті. Ал жастау қазақстандықтар жеңілдіктің бұл санатына жатпайды.
Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының кестесі:
2018 | 58 жас 6 ай | 01.01.1960 -30.06.1960 ж. |
2019 | 59 жас | 01.07.1960 - 31.12.1960 ж. |
2020 | 59 жас 6 ай | 01.01.1961 -30.06.1961 ж. |
2021 | 60 жас | 01.07.1961 -31.12.1961 ж. |
2022 | 60 жас 6ай | 01.01.1962 - 30.06.1962 ж. |
2023 | 61 жас | 01.07.1962 - 31.12.1962 ж. |
2024 | 61 жас 6 ай | 01.01.1963 - 30.06.1963 ж. |
2025 | 62 жас | 01.07.1963 - 31.12.1963ж. |
2026 | 62 жас 6 ай | 01.01.1964 - 30.06.1964ж. |
2027 | 63 жас | 01.07.1964 - 31.12.1964 ж. |