Медицина қызметкері бұл жазбасын тек туыстарына жіберген қалжың деп түсіндірді.
ERNUR.KZ. Жаңаөзен қалалық ауруханасының медбикесі мессенжерде коронавирус жайлы жалған хабар таратқаны үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрап, арнайы үндеу жолдады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Жаңаөзен ауруханасында коронавирус жұқтырған адам жатыр" деген хабар WhatsApp арқылы лезде тарап кеткен.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпараттың жалған екенін алға тартып, Жаңаөзенде коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелмегенін жеткізді.
Кейіннен бұл хабарды таратқан әйелдің кім екені анықталды.
Ол – қалалық аурухананың медбикесі Арухан Шырақбаева болып шықты.
Медицина қызметкері бұл жазбасын тек туыстарына жіберген қалжың деп түсіндірді. Арухан Шырақбаева өзінің хабарламасында Оңтүстік Корея астанасы Сеулден келген студент қыз коронавирус күдігімен ауруханада жатқанын айтқан.
Бірақ ол аудиохабарламаны тым аз уақытта жан-жаққа тарап кетеді деп мүлде ойламапты. Келіншек осы орайда Жаңаөзен тұрғындары үшін видео түсіріп, кешірім сұрады.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбике өз еркімен жұмыстан шығу жөнінде өтініш жазған.