Жарты жылда 3 млн азаматтың құқығы қорғалды – Бас прокуратура

0
1 936

Бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Бас прокуратураның алқа отырысы өткізілді.


Жарты жылда 3 млн азаматтың құқығы қорғалды – Бас прокуратура

Бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Бас прокуратураның алқа отырысы өткізілді. Оның барысында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысқа қорытынды жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас Прокурор азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге және мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған мәселелерге баса назар аударды.

Жиында прокурорлық қадағалау нәтижесінде 3 млн. азаматтың құқығының қорғалғандығы туралы айтылды.

Жалпы коммуналдық қызмет тарифтері еліміздің 6 аумағында төмендетіліп, нәтижесінде тұтынушыларға 7 млрд. теңге көлеміндегі залалдың орны толтырылды.

Бас прокуратура зиянды және еңбек жағдайы қауіпті кәсіпорындарынан еңбек заңнамасының, өндірістік нормалардың, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігіне байланысты 27 мың заңбұзушылықты әшкереледі.

Қ. Қожамжаров «45 мың азаматтың құқығы қорғалды. Еңбекақы бойынша жарты миллиард теңге көлеміндегі қарыздар өтелді», - деді.

«Жаңа институттарды енгізу нәтижесінде құқық қорғау жүйесінің жалпы қызметі қайта жасақталды. Бұл жұмыстың нәтижесі де бар. Ұсталғандардың саны үш есеге 8,4-тен 5,8 мыңға және қамауға алынғандардың саны 6,8-ден 4,8 мыңға дейін төмендеді», - деді Бас Прокурор.

Қайрат Қожамжаров Заңның басты қағидаларын атады.

«Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығынан шектеу енгізілуде. Айыппұл көлемі төмендетілуде, 36 құрам бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімі азайтылуда. Ауыр қылмыстар бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 5 жылға қысқартылды. Жалпы бұл 5 мыңға дейін сотталғанды бостандыққа шығаруға мүмкіндік береді. Заңдылықты нығайтудағы жұмысты жалғастырамыз», - деді ол.

Бас прокуратураның алқа отырысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына енгізілген бес жобасы таныстырылды.

Олар қылмыстық және әкімшілік процесті автоматтандыруға, мәліметтерді талдауға, бизнес нысандарын тексеруге және өтініштерді қарауға бағытталған жобалар.

Бас прокуратура процестерді цифровизациялау бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 4 мыңнан аса қылмыстық іс және 160 мың әкімшілік іс электронды түрде тергелуде.

Бүгінде электрондық түрдегі 1,8 мың іс сотқа жолданды. Оның 1,3 мыңына қатысты шешім шығарылды.

Алқа отырысының нәтижесі бойынша бірқатар тапсырма берілді.