11 мыңнан астам адам мас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Алты айдың қорытындысы бойынша жол апатынан 5,5 мыңнан астам бала зардап шегіп, 135 бала қайтыс болды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Жарты жылда 8,5 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, оның 7 млн яғни, 84%-і көлік саласына қатысты.
"Қайта жасалатын заң бұзушылықтардың саны ерекше алаңдатушылық туғызуда – оның саны шамамен 1,5 млн. Оның ішінде 85 мыңға жуық адам үш немесе одан да көп осы тектес құқық бұзушылықты жасаған", - дейді ведомство.
Алты айдың қорытындысы бойынша жол апатынан 5,5 мыңнан астам бала зардап шекті, 135 бала қаза тапты.
"Осы жылдың 6 айында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 11 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 158-і жол апатына түсіп, салдарынан 282 адам зардап шекті, 17 адам қаза болды", - дейді Бас прокуратура.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша жыл басынан бері елімізде электрсамокаттардың қатысуымен 213 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан 224 адам зардап шекті. 42 жағдайда апатқа самокат жүргізушілерінің өздері кінәлі болған, 52 адам әртүрлі жарақат алды.