Жарылыстарға қарамастан, Арыстағы әскерилер өртті сөндіруді жалғастыра берген - Бектанов

0
1 197

Олар танк базасындағы шынжыр табанды техниканы, екінші және үшінші техникалық аумақты сөндіріп үлгерген.


Жарылыстарға қарамастан, Арыстағы әскерилер өртті сөндіруді жалғастыра берген - Бектанов

ERNUR.KZ. Арыстағы жарылыс кезінде әскерилер өз күшімен екі техникалық аумақты сөндіріп үлгерген, деп жазады Аlmaty.tv.

«Жарылыс болған әскери бөлімде негізінен келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер мен басқарушы офицерлер болған. Дәл оқиға кезінде жарылыстың басталғанына қарамастан, әскери қызметкерлер өз күшімен өртті сөндіре берген. Олар танк базасындағы шынжыр табанды техниканы, екінші және үшінші техникалық аумақты сөндіріп үлгерген. Өз күшімен! Қазіргі уақытта 500 сапер оқиғаның салдарын жоюға күш салып жатыр. 50-ге тарта техника жұмылдырылды. Ең бірінші кезекте, Арыстың тұрғылықты елді мекендеріндегі оқ-дәрілерді минадан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.

Оның айтуынша, барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында 1800 маман жұмылдырылған.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтіруге уәде берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.

Жалпы кешегі аласапыран кезінде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.