​«Жастар - ауылға» жобасы қалай іске асады

0
1 299

Ұйым Жастар жылы аясында бірнеше маңызды жобаларды іске асыруды көздейді.


​«Жастар - ауылға» жобасы қалай іске асады

ERNUR.KZ. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев «Жастар - ауылға» жобасы туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ұйым Жастар жылы аясында бірнеше маңызды жобаларды іске асыруды көздейді. Мәселен, инновацияларға арналған «Digital nation» жобасы бар. Ал «English for zhastar» аясында ауылдағы жастарды ағылшын тіліне үйрету жоспарланған. Бұдан бөлек, кітапханаларды жаңғырту шаралары жалғаса береді.

«Көшбасшылар мектебі» жобасы да бар. Біз аймақтарды аралағанда көптеген дебатерлер пікірсайыс қозғалысының бәсеңдеп қалғанын, он жылдан бері телеэкранға шықпағанын жеткізді. Сол себепті биылдан бастап біз жаңа телевизиялық жобаны іске қостық. 4 қаңтардан бастап «Жастар алаңы» деген дебаттық жоба өтіп жатыр. Сондай-ақ, «Жастар ауылға» деген жобаны іске асыруды көздейміз», - деді Д.Сүндетбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ұйым басшысы «Жастар ауылға» жобасын іске асыру жолдарына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, аталған жұмыс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп атқарылады. Негізгі мақсат - жастарды ауылға қысқа мерзімді іс-тәжірибеге жіберу.

«1-2 ай болатын шығар. Ауылдық жерде де бизнес ашып, жақсы өмір сүруге болады. Жастар осыны түсінсе екен дейміз. «Жастар - ауылға» жобасы конкурс түрінде өтетін шығар. Оған 18 жастан бастап кез келген адам қатыса алады. Енді, дәл қазір жобаның нақты ережесі әлі бекітілмеген. Дегенмен, жоспар бойынша жастар өздері таңдаған шаруа қожалығына, я болмаса, фермаға барып, тәжірибе жинақтай алады. Бізде жобаға қатысатын фермалардың тізімі болады. Бұл жобаның «Дипломмен ауылға» жобасына ешбір қатысы жоқ. Ол - бөлек бастама. Қаңтардың аяғына дейін келіссөздерді бітірсек, «Жастар - ауылға» жобасын жазға қарай бастайтын шығармыз», - деп атап көрсетті Д.Сүндетбаев.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуына арналған ресми шараға қатысты. Сол жерде Мемлекет басшысы бірнеше тың бастамаларды жариялады. Мәселене, ауылға баратын жастардың жәрдемақысын көтеруді тапсырды. Президенттің сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.