Жастарға жеңілдікпен шағын несие беруге өтінімдерді қабылдау жалғасуда

0
462

Бағдарламаға республика бойынша 28,9 млрд теңге бөлінді.


Жастарға жеңілдікпен шағын несие беруге өтінімдерді қабылдау жалғасуда

ERNUR.KZ. Алматыда жастар үшін 2,5% төмен пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелеуге өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Бағдарлама операторы "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ. Бұл туралы несиелеу бөлімінің бас маманы Қанат Омаров ӨКҚ брифингінде айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Негізгі талаптардың ішінде өтінім беру сәтінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс. 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер мен жұмысшы жастар жеңілдетілген несие алуға үміткер бола алады.

"Осы бағдарламаға республика бойынша 28,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Алматы жастары үшін 4,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл мыңға жуық кәсіпкер мен жастар. Алматы қаласы бойынша 350 кәсіпкер мен жастарға кеңес берілді, 71 кәсіпкерден өтінімдер қабылданды, олардың төртеуі комиссияның қарауына жіберілді", - деді Қанат Омаров.

Шағын несие сомасы мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін - 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін - 5 жылға дейін өтеу мерзімімен 5 млн теңгеге дейін құрайды. Шағын несие мерзімінің ұзақтығының үштен біріне дейінгі негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең көзделген.

Несиелеу бойынша шешімді қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Комиссияға қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы, бизнес-қоғамдастық пен БАҚ өкілдері кіреді.