Қылмыстық іс арнайы сотта қаралып жатыр.
ERNUR.KZ. Ауыр қылмыс 25 сәуір күні Атырау облысының Индер ауданында болған. Күдікті 5 қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерді өртеген. Салдарынан, 10 және 7 жастағы бір отбасының 2 баласы тірідей өртеніп кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Балалардың анасы мен 30 жастағы ер адам реанимацияға жатқызылды. Олар ес-түссіз күйде болған. Денесінің 95 пайызы күйіп қалған әйел ауруханада көз жұмды.
Полицейлер оқиға орнынан жанармай қалдықтары бар контейнерді тауып алды. Оны 31 жастағы ер адам жақын маңдағы жанармай құю станциясынан сатып алғаны анықталды. Мұны полиция бейнекамераларға түсіп қалған видеолар арқылы анықтаған.
«Күдікті жәбірленушінің танысы болып шықты. Оқиғадан кейін Оралға қашпақшы болған ол бірден ұсталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады полиция.
Шілде айында тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Қылмыстық іс судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды.
Сотталушы Оразбек Саясатқа «ерекше қатыгездікпен өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу, бөтеннің мүлкін қасақана жою» баптары бойынша айып тағылды.
Күдікті психикалық ауытқуы бар немесе ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді адам болуы мүмкін.
Қазіргі таңда іс бойынша куәгерлерден жауап алынып жатыр.