Батысқазақстандық табиғат жанашырлары «Жайық өзені экологиялық апатқа душар болуы мүмкін» деп дабыл қағуда. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
фото: 24.kz
Батысқазақстандық табиғат жанашырлары «Жайық өзені экологиялық апатқа душар болуы мүмкін» деп дабыл қағуда. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Олардың айтуынша, Орал қаласының қасындағы Аниськин көлінің дарияға қосылып кету қаупі бар. Ал бұл көлге 30 жыл бойы шаһардың сарқынды сулары мен өндірістік қалдықтары құйылып келген.
– 90 жылдарға дейін мұнда лас сулар жинақталды. Олардың ішінде өндіріс орнының қалдықтары да бар. «Металлист», «Зенит», «Омега» секілді зауыттарда сол кезде металл өңдеуде гальваника қолданылды. Олармен бірге мұнда хром, кадмий секілді ауыр металдар да ағып келді, дейді қала тұрғыны Владимир Горшков.
Былтыр көлден алынған сынамалар түрлі химиялық элементтердің шектен артық екенін көрсетті. Төңіректегі өсімдік әлемінің жұтап, балықтардың мутацияға ұшырауы да байқалады. Бұрын көлдің тереңдігі 3 метрге дейін барса, қазір жарты метрден аспайды. Аумағы да үш есе кеміген.
– Кезінде зиянды қалдықтар өзенге қосылмау үшін бір емес, екі бөгет салыныпты. Бірінші бөгет 1967 жылы, екіншісі 1972 жылы тұрғызылды. Екеуінің ортасы ертеректе 300 метр еді. Қазір Жайық өзені бірінші бөгетті шайып кетті, Екінші бөгетке небәрі 5-6 метр ғана қалды. Енді мына дамбаны да су шайып кете ме деп қауіптенеміз, дейді экологиялық бірлестік төрағасы Арман Бектенов.
Табиғат жанашырларының алаңдауы негізсіз емес. Егер Жайық бөгетті бұзып өтсе, экологиялық зияны зор болмақ. Зардабын төмендегі ел тартады. Мұны тиісті мекемелер де мойындап отыр.
– Қазір дамбаны шайып кету қаупі бар. Жақында біз зерттедік. Бұл жердегі ең бірінші мақсат – жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу. Жағалауды бекіту жұмыстары бір шақырым жарым, екі шақырым жерге бетонды құрылыстармен Жайық өзенінің жағасының шайылуын тоқтату керек, дейді облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ықсанғали.
Бүгінде қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылды. Атқарылар шаралар жоспары жасалды.
– Құзырлы мекемелердің қатысуымен жиналыс өткізілді. Бірқатар тапсырма берілді. Қазіргі таңда экология департаментімен орынға шығып, қалдықтарды тексеру бойынша жұмыстар көзделіп жатыр, дейді Орал қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев.
Экологтардың пікірінше, бөгетті бекітумен қатар көл түбіндегі шөгіндіні жан-жақты зерттеп, кешенді сараптама жасау қажет. Мұның барлығы болашақтың еншісінде. Ал әзірге қалдық көл мен өзенді бөліп жатқан бөгеттің биылғы тасқынға төтеп беруін тілеуге тура келеді.