Желіде коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты жалған ақпарат тарап жатыр

0
605

​Мамандар аденовирус векторы вирустың өзі емес екенін, бұл генетикалық материалды клеткаларға жеткізу үшін қолданылатын құрал екенін айтты.


Желіде коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты жалған ақпарат тарап жатыр

ERNUR.KZ. Желіде коронавирусқа қарсы вакцина алған адамдар болашақта басқа вирустарға қарсы екпе салдыра алмайды деген жалған ақпарат тарап жатыр, деп жазады sputnik.kz.

Автор коронавирусқа қарсы вакциналар аденовирустарға негізделгенін алға тартып, иммунитет осы әдіспен жасалған басқа вакциналарға жауап бермейді деген пайымға келген.

"Шын мәнінде, бұл олай емес. Бүгінгі күні ДДСҰ сайтында 48 атаудан (клиникалық зерттеулер сатысында) және 164 атаудан (клиникаға дейінгі зерттеулер кезеңінде) тұратын кандидат вакциналардың тізімі жарияланған. Олардың барлығы әртүрлі әдіспен жасалған, соның ішінде белсенді емес және аденовирустық векторлар негізінде құрылған РНҚ және ДНҚ вакциналары бар", - деп хабарлады stopfake.kz.

Басылым атап өткендей, аденовирус векторы вирустың өзі емес. Бұл молекулалық биологтар генетикалық материалды жасушаларға жеткізу үшін жиі қолданатын құрал. Бұл процесті тірі организм ішінде (in vivo) немесе жасуша дақылында (in vitro) жүргізуге болады.

Вирустық векторлар патогендік вирустардан жасалғанына қарамастан, қауіпсіз екені айтылған.

"Аденовирустық векторларға негізделген вакциналар табиғи инфекцияға ұқсайды және иммундық жауаптың барлық түрін қоздырады: антиденелік, Т-жасушалық, туа біткен. Атап айтқанда, Эбола вакцинасы солай жасалды", - деп түсіндірді мамандар.