Видеода науқас бұған дейін 10 күн бойы өз бетінше емделгенін айтқан.
Фото: Nur.kz.
ERNUR.KZ. Қазақстандық мессенджерлерде Нұр-Сұлтанда түсірілген видео пайда болды. Кадрдағы ер адам ауруханада, коронавирустың анализін күтіп жатқаны айтылған. Ал желідегі хабарламада оның кеше елордада көз жұмғаны жазылған, деп жазады Nur.kz.
Бейнеролик тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ғана таралмай, тіпті YouTube-те жарық көрген.
Кадрларда елордалық журналист әрі блогер Тоқберген Әбиев бейнеленген. Оның сөзінше, ол темір жол ауруханасында. Әбиев жағдай нашарлаған соң 11 күннен кейін ғана ауруханаға түскен. Бұған дейін өз бетінше емделген.
Блогер өзімен бірге палатада тағы үш адам жатқанын, олардың диагноздары әртүрлі екенін айтты. Әбиев ролик түсірілген кезде коронавирусқа анализ тапсырып, соның нәтижесін күтіп жатқан.
Сондай-ақ ол ауруханадағы жағдайға наразылық танытып, мұнда лайықты ем қабылдай алатынына сенімді емес екенін жеткізген.
Айта кетсек, дәл осы ролик әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "астанада ер адам коронавирустан қайтыс болды" деген жазбамен тараған. Елорда әкімдігі желідегі кадрларға қатысты пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша, Әбиев дін аман, медицина мамандарының бақылауында. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Әкімдік жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін қазақстандықтардың тағы да есіне салды.