Жириновский Алматыдағы көшенің бірін өз атына ауыстыруды ұсынды

0
727

Сол жердегі мектепке де өз атын беруді сұраған.


Жириновский Алматыдағы көшенің бірін өз атына ауыстыруды ұсынды

ERNUR.KZ. Ресей либералды-демократиялық партиясының көшбасшысы, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновский өзінің құрметіне Алматыдағы Масанчи көшесінің атын өзгертуді ұсынды. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады kaz.nur.kz.

"Алматы мен үшін мәңгіге туған қалам болып қала береді. Себебі мен сонда дүниеге келіп, мектеп қабырғасындағы ең қызықты сәттерді бастан кештім. Мен 1946 жылы 25 сәуірде өмірге келіп, 1964 жылы 3 шілдеде Қазақстаннан кетіп қалдым. Менің үйім әлі күнге дейін тұр – Масанчи 79. Бір кездері бұл көше Дүнген деп аталды, ал нөмірі басқаша болды – 67, 3-пәтер. Мен бұл көшенің атауын өзгертіп, менің атымды бергенін қалаймын. Мектепке де менің атымды беруге болады, өйткені мен әлемде Ресейден шыққан ең танымал саясаткермін. Бәлкім Қазақстаннан да шыққан деуге болатын шығар. Себебі сол жақтың тумасымын", – дейді Жириновский.

Сонымен бірге, РЛДП басшысы 2018 жылдың күзінде мемлекеттік думаның бір топ депутаттарымен бірге Алматыда демалуға ниет білдірген кезде Қазақстан билігі оған Алматыға кіруге тыйым салғанына әлі де ашулы екенін жеткізді.

Оған қоса, Жириновский кезекті мәрте посткеңестік мемлекеттердің өміршең еместігін мәлімдеді және оларды Ресей құрамына енуге шақырды. Әйтпесе, олар хаосқа, азаматтық соғыстарға және аумақтық тұтастықтан айырылуға тап болады. Оның айтуынша, егер бұл орын алса, онда Алматы Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азияның бас қаласы болады.