Жол жүрісі қағидалары өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек

0
97

Қазақстанда жол жүрісі қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді.


Жол жүрісі қағидалары өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев айтты, деп жазады inform.kz.

Жаңа камералар қандай құқық бұзушылықты тіркейді

Нұрлан Уваевтың айтуынша, биыл наурыз айынан бастап Астанада «Сергек» жүйесімен қатар «Presight AL LTD» компаниясының интеллектуалды бейнебақылау кешендері жұмыс істей бастады.

– Жаңа кешендерді кезең-кезеңімен енгізу барысында қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарудың 20 мыңнан астам дерегі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың шамамен 2,5 мың жағдайы және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеген 127 дерегі анықталды, – деді ол.

Оның сөзінше, жаңа кешендер жол ережесін бұзудың 15 түрін автоматты түрде анықтай алады. Қазір жүйені кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге жаңа камералар жаңа айыппұл енгізбейді. Олар заңда жауапкершілік көзделген құқық бұзушылықтарды ғана автоматты түрде тіркейді.

«Вафельді» қиылыста қандай талап сақталуы керек

Спикердің айтуынша, «вафельді» жол таңбасы бар қиылыстардың басты мақсаты – көлік кептелісін болдырмай, қозғалыстың үздіксіз жүруін қамтамасыз ету.

– Жүргізуші қиылысқа оны тоқтамай толық кесіп өте алатынына көзі жеткенде ғана кіруге тиіс. Егер алда кептеліс болып, қиылыста тоқтап қалу қаупі болса, қиылысқа кіруге болмайды, – деді Нұрлан Уваев.

Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Электр самокаттарына қатысты қандай талаптар өзгерді

Нұрлан Уваевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Жалға берілетін (кикшерингтік) электр самокаттарына міндетті мемлекеттік тіркеу енгізілді. Енді оларды тек А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады.

– 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Олар велосипед жолымен, ал ондай жол болмаған жағдайда жолдың оң жақ жиегімен жүруге тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ сағатына 50 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүретін мотовелосипедтер мопедтерге теңестіріліп, міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді. Электр самокаттары мен мотовелосипедтерді басқарған кезде қорғаныш құралдары мен жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.

Спикердің сөзінше, қазір «Сергек» компаниясымен бірлесіп, жол ережесін бұзған электр самокаттарын мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізіліп жатыр.

– Бірінші жартыжылдықта елордада мотовелосипед жүргізушілерінің кінәсінен 8, ал электр самокаттарын пайдаланушылардың кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Рейд барысында жеке мобильділік құралдарын пайдаланған 6 мыңнан астам адам тексеріліп, олардың 5 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деді Нұрлан Уваев.

65 жастан асқан жүргізушілерге қандай талап қойылады

Нұрлан Уваевтың айтуынша, 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтеді.

Медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады. Егер жүргізуші медициналық тексеруден өтпесе немесе көлік басқаруға қарсы медициналық көрсетілім анықталса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.

Спикердің айтуынша, енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейту.