28 қаңтар күні Қарағанды жолдарында қарлы боран мен жолдың нашар көрінуі салдарынан 26 жол апаты тіркелді.
ERNUR.KZ. Қазақстанның өңірлерінде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Теміртау-Қарағанды жолында полицейлер 40-қа тарта адамды бораннан құтқарды, деп жазды sputniknews.kz.
Теміртау жақтан 12 көлік жолда тұрып қалды. Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері Дамир Құдайберген мен Рысқали Жазықбаев барлық адамды шағын автобуспен 8-10 адамнан эвакуациялап, оларды кері қайтарды. Көліктер әзірге тасжолда қалды.
Полицейлердің фотосынан көріп отырғаныңыздай, жолдың көрінуі нашарлап, ауа температурасы төмендеген.
Қарағанды жолдарында қарлы боран мен жолдың нашар көрінуі салдарынан 28 қаңтар күні таңғы сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін 26 жол апаты тіркелді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу және шығынды барынша азайту мақсатында 43 жолды жабу бекеті орнатылды, 130-дан астам полиция қызметкері жұмылдырылды.
Қарағанды облыстық полиция департаменті тұрғындардан ауа райы нашарлағанда қаладан шықпауды сұрайды.