Жүкті әйелі мен өгей қызын пышақтаған директорға қатысты тың дерек шықты

0
671

Мектеп директоры қызметіне кіріспес бұрын соңғы 10 жыл аудандық білім бөлімінде әдіскер болған.


Жүкті әйелі мен өгей қызын пышақтаған директорға қатысты тың дерек шықты

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында ауыл мектебінің директоры жүкті әйелі мен кішкентай өгей қызын пышақтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.

Отбасылық жанжал аудан орталығына жақын Жаңақоныс деген елді мекенде болған. 37 жастағы педагогтың неліктен шаңырағында бұлай ойран салғанын полиция анықтап жатыр. Күдікті үстінен ҚР ҚК «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалған. Ер адам қамауда отыр.

«Ақтөбе облысы Шалқар аудандық полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 37 жастағы күдікті анықталып, қамауға алынды», – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Облыстық білім басқармасындағылар ер адам Жаңақоныс ауылында мектеп директоры болып тек 4 ай ғана қызмет атқарғанын айтты. Ол бұған дейін Шалқар аудандық әкім аппаратында курьер, жетекші маман, тіпті халықты жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік жұмысшы болып істеген. Мектеп директоры қызметіне кіріспес бұрын соңғы 10 жыл аудандық білім бөлімінде әдіскер болған. Төтенше жағдайдан кейін ер адам қызметінен босатылған.

Ал Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Еркебұлан Еркінұлы зардап шеккендердің жағдайы жақсы екенін айтты. 7 жастағы қыздың құлақ тұсы, ал әйелінің бұғанасының үстінде кесілген жара болған. Дәрігерлер жарақатын тігіп, таңып берген. Жаралылар ауруханаға жатудан бас тартқан. Қазір олар амбулаториялық бақылауға алынған.