Инфекцияның алдын алу үшін мектептегілердің дене температурасы ұдайы тексеріліп, барлық санитарлық талаптар сақталуы қажет.
ERNUR.KZ. "Дәрігерлерге секілді жұмыс орнында коронавирус жұқтырған жағдайда мұғалімдерге қосымша төлем төленеді ме" деген сауалға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп жазады zakon.kz.
Брифинг барысында министрге: "Кезекші сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерге жұмыс орнында КВИ жұқтырса, дәрігерлерге төленгендей өтемақы төленеді ме" деген сұрақ қойылды.
Бұл ретте Асхат Аймағамбетов кезекші сыныптарда сабақ беруге рұқсат беретін тиісті талаптар барын айтты.
- Жүкті әйелдерге, 65-тен жасы жоғары мұғалімдерге, егер, әрине созылмалы аурулары болса, оларға мұндай форматта жұмыс істеуге тыйым салынады, яғни мұндай мұғалімдер кезекші сыныптарға сабақ бере алмайды. Инфекцияның алдын алу үшін мектептегілердің дене температурасы ұдайы тексеріліп, барлық санитарлық талаптар сақталуы қажет, - деді министр.
"Сонымен қосымша төлемақы төленеді ме, жоқ па" деген сұраққа Асхат Аймағамбетов: "Жоқ" деп жауапты қысқа қайырды.