Жұмысшы мамандықтары жылы: Астанада энергетика саласының болашағына кадр даярлау мәселесі талқыланды

0
96

Астанада Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің энергетика, экология және мұнай-газ саласы жөніндегі жұмыс тобының тақырыптық панельдік сессиясы өтті.


Жұмысшы мамандықтары жылы: Астанада энергетика саласының болашағына кадр даярлау мәселесі талқыланды

ERNUR.KZ. Сессия Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасына арналды және оған мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығы мен академиялық орта өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Талқылау барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру жүйесі мен еңбек нарығының өзара байланысын нығайту, сондай-ақ энергетика саласына мамандар даярлау мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде біз білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы жүйелі байланысты қалыптастырып келеміз. Әсіресе энергетика сияқты стратегиялық маңызы бар салалар үшін бұл бағыт өте өзекті. Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттермен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, цифрландыру мен «жасыл» технологияларды енгізу жағдайында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеп жатыр», – деді министр.

Назарбаев Университетінің президенті, доктор Вакар Ахмад энергетика саласының болашағын қалыптастыруда техникалық және кәсіби білім берудің рөліне тоқталып, мемлекет, бизнес және жоғары оқу орындарының тығыз ынтымақтастығының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ қатысушылар Қазақстан энергетика саласының болашағы адами капиталдың дамуына тікелей байланысты екенін, ал мемлекет, бизнес және білім беру арасындағы тиімді синергия елдің орнықты әрі инновациялық дамуын қамтамасыз ететінін айтты.