Ауғанстаннан келетін отандастарымыздың төлқұжатында "қазақ" деген сөз жоқ.
ERNUR.KZ. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ауғанстаннан келген қандастардың мәселесін көтерді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ұйым өкілі Қарлығаш Бекпатшақызының айтуынша, бүгінде Ауғанстаннан келетін қандастарымыз көп қиындық көреді. Алматының өзінде бірнеше отбасы үш жылдан бері азаматтық ала алмай далада қаңғып жүр.
"Адамға қарап "сіз қазақ емессіз" деп айта салуға болмайды. Ол жақта "қазақ" деп құжатқа жазылмайды. Соның кесірінен қазіргі кезде Ауғанстаннан келген 95 адамның үстінен іс қозғалды дейді. Ол 95 отбасы – 95 тағдыр. Өткенде Алматыда болып, арыз-шағымдарды қабылдағанда Ауғанстаннан келген 15 отбасының соңғы үш жыл бойы күнін көре алмай, қаңғып жүргенін көрдік. Ал 15 отбасының әрбіреуінде бес адам болса, қанша адамның қаңғып жүргенін санай беріңіз", - деді Бекпатшақызы мәжілісте өткен жиында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасов аталған мәселенің мән-жайын түсіндірді.
"Қазіргі кезде Ауғанстаннан келетін отандастарымыз оралман мәртебесін алу үшін жергілікті органдарға барады. Бірақ олардың төлқұжатында "қазақ" деген сөз жоқ. Ондай адамдар көп емес. Бірақ екі-үш мемлекеттен келетіндерде ондай проблема бар. Ауғанстан да ұлтты көрсетпейді. Содан басқа қағаздарын алып келеді. Оның ішінде "қазақ" деп жазылып тұрады. Бірақ түріне қарасаң қазаққа ұқсамайды. Негізгі сұрақтар осы. Оның қазақ екенін қалай анықтаймыз? Осыны шешуіміз керек", - деп атап көрсетті Сарбасов.