​«Алматының «әкіміне» алданып қалдым»: Мақпал Жүнісоваға алаяқтар хат жазған

0
2 263

«Мұрным шелектей болып қуанып едім»


​«Алматының «әкіміне» алданып қалдым»: Мақпал Жүнісоваға алаяқтар хат жазған

Халық әншісі Мақпал Жүнісова тағы алаяқтарға алданып қала жаздаған. Бұл туралы әншінің өзі «Инстаграм» парақшасында мәлімдеді.


Алаяқтар бұл жолы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев болып хат жазып, хабарласқан көрінеді.


«Маған ватсапқа Алматы қаласының әкімінен хат келді. Мұрным шелектей болып, «Осындай да әкімдер бар екен ғой, жағдайымды сұрап жатыр» деп қуанып, шок болып едім. «Ереке, рахмет» деп қойып, жарты сағат қойған сұрақтарына жауап беріп отырсам, мені алаяқтар алдаған екен. «Мен алдандым» деп мойындайын. Алпыстан ассақ та алданып қалып отырмыз. Сіздер де алданып қалмаңыздар.


Бір қызығы, ол менен ештеңе сұраған жоқ. Басында «Хал-жағдайыңыз қалай, Мақпал Мұмедияровна» деп жазды. Қарасам әкімнің суреті шығып тұр. Нөмірін сақтап қойдым. Сосын қалалық Мәдениет басқармасының бастығына маған хат жазған адамның нөмірін жіберіп, «Бастығыңның нөмірі осындай ма?» деп сұрап едім. Ғани бауырым «Сенбеңіз» деп жауап бергенде, «өлә» деппін ғой, - деп көпшілікті хабардар етті өнер иесі.


Мақпал Жүнісованың жазбасына әріптесі Мәдина Сәдуақасова пікір білдірді. «Аңқылдаған Мақпал апам-ай. Баяғы заманда осылай хабарласа беретін бәрі. Қазір көмекшілері арқылы байланысқа шығады ғой бәрі», - деп жазды ол.


Еске сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Халықтың сүйікті әншісі алаяқтарға алданып, біраз ақшасынанн айырлып қалып еді.


Осы жағдайдан кейін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі халықты сақтандыру үшін арнайы хабарлама таратты.


"WhatsApp мессенджердегі жалған хабарламаның тарауына байланысты Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атынан келген мұндай хабарламаға жауап бермеуіңізді және сенбеуіңізді сұраймыз. Күмәнді сілтемелерге кірмеген және ақша аудармаған жөн. Бұл сіздің қаржыңызды заңсыз жолмен алу мақсатында жасап отырған интернет-алаяқтардың тірлігі", - делінген хабарламада.