«Дауыс сұрайтындай жас әнші емеспін»
Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова алаяқтарға алданып қалғанын айтты. Ол "Инстаграм" парақшасы арқылы халықты сақ болуға шақырды.
«Құрметті, халайық! Менің жазылушыларым, ешкімге сенбеңіздер. Ешкімге дауыс бермеңіздер. Менің телефоным бұзылып, WhatsApp аккаунтым істемей қалды. Менің телефоныма «Әнші Дәлел Уашқа дауыс бер» деген хабарлама келген, соны ашып, баса қойып едім. Артынша менің атымнан да сондай хабарлама тарай бастады.
Бір тәулікке телефоным өшті. Ақша шешіп алған. Ешкімге сенбеңіздер. Мен дауыс сұрайтындай конкурсқа қатысып жатқан жас әнші емеспін. Сұрау керек болса «Инстаграм» арқылы өзім айтамын. Осыдан алаяқтарды тапсам, аямаймын. Басын жарамын! Бассыздық қой. Жалған хабарлама келсе, ашып, оқымаңыздар», – деп жазды халық әртісі.
Желі қолданушылары мен өнер өкілдері әншіні қолдап, түрлі пікір жазып жатыр. Алаяқ ашқан ортақ чатта тіркеп қойғандарын әншілер де бар екен.
«Қазір ғана осы топқа мені қосты. Мақпал әпкеге қандай дауыс керек деп ойлап отыр едім» деп жазды Роза Әлқожа. «Мен де білдім, «Пожалуйста, помогите» дегенінен қорқып едім» деді Ғазизхан Шекербеков. «Мақпал апайымыз бас жүлдені баяғыда алып қойған. Бұл кісіге дауысты әлдеқашан беріп тастағанбыз. Сондықтан сенбеңіздер», «Ойнайтын адамды тапқан екен», «Ұстап алсаңыз аямаңыз» деп жазды көпшілік.