«Қар жауғанша жалаң аяқ жүретінбіз»: Асанәлі Әшімов жүректі жылататын естелік айтты

0
2 479

«Жетім бала. Жалғыз шеше. Алғашқы қарда мектепте түнеген түн»


«Қар жауғанша жалаң аяқ жүретінбіз»: Асанәлі Әшімов жүректі жылататын естелік айтты

Аңыз адам, абыз адам, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек ері" орденінің иегері Асанәлі Әшімовтің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.


Асанәлі Әшімовтің ауыр тағдыры, үлкен өмір баспалдақтарынан мойымай өткені туралы «Жақсы адамдарым» бағдарламасында жан жақты айтылды. Шығармашылық кеш иесі Асанәлі Әшімов 8 жасында бір түнде есейіп кеткенін айтып, елді жылататындай ерекше естелігімен бөлісті.


– Жетім бала. Жалғыз шеше. Ауылда бір қар жауғанша жалаң аяқ жүретінбіз. Мектепке келгенде терезеден қарасам қар жауып кетіпті. Жалаң аяқ далаға шыға алмайсың. Әкесі, ата-әжесі барлардың бәрі балаларын алып кетіп жатты. Менің артымнан келетін ешкім жоқ. Сол түні мектепте қалдым. Ауылдың мектебін білесіздер ғой. Сыз қара жер. От жағылмайды. Түнімен партаның үстіне шығып отырдым. Қыстың ұзақ түндері ғой. Шыңғыс Айтматов жазғандай, бір түн бір ғасырдай болды. Көзіме неше түрлі елестейді. Неше түрлі ой келеді. Соғыста жүрген әкеңді ойлайсың. 8-9 жасымда көп нәрсе ойымнан өтті. Сол түн мені есейтті. Сол түннен бастап мен үлкен адам болдым. Жоқшылықтың не екенін, аштықтың не екенін білдік, сезім ерте оянды, - деді үлкен жүректің иесі.


– Аға, оқуға алғаш келгеніңізде анаңыздың бір қап ұнымен келген екенсіз. Сол оқиғаға тоқталсақ, - деген бағдарлама жүргізушісінің сауалына актер былай деп жауап берді.


«Анам Кентауда наубайханада істеді. Онда айлық жоқ. Оның орнына нан береді, ұн береді. Күн сайын берген ақ ұнды апам жинай берген ғой. Мен оқуға барарда бір қап ақ ұн болған. Райымбек Сейтметовпен 10 жылдықты бірге бітірдік. Сол екеуміз бір қап ұнды базарға шығардық. Онда базарға шығып, сауда жасау қазақтар үшін ұят. «Апыр-ай, бірге оқыған қыздарым көріп қоймаса нетті?!» деп әрең тұрмыз. Бізге күн де қарасып, жел тұрды да, бетіміз әппақ, ешкім танымай абырой болды. Бір қап ұнды сатып, соның ақшасымен оқуға келдім», - деді өткен күндердің өшпес естелігін еске түсірген өнер иесі.


Осы бір қап ұн оқиғасына байланысты белгілі ақын Ғалым Жайлыбай «Бір қап ұн» деген баллада жазғаны, бұл туындының басқа тілдерге аударылу жоспарда бар екені белгілі болды.


Бұдан бөлек, бағдарлама барысында Асанәлі Әшімов қазір күнделік жазуды қойып, естелікке көшкенін, келешек ұрпаққа қалар қолжазба жазып жатқанын тілге тиек етті.


«Көп нәрсе жарияланбайды. Ішінде ашық айтқан әңгімелер, ащы айтқан сөздер бар. Соның бәрі қолжазба ретінде сіздерге қалады. Мен кеткеннен кейін оқисыздар», - деді ол.


Асекеңнің қаламгерлік қыры туралы бағдарлама қонағы белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай да пікір білдірді.


«Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым күнделік» 2 кітап, соңғысы 3 дәптерім бар деп жатыр ғой. Бүгінде «Мен актермін, мың өліп мың тірілген» деген кітабы да таяуда жарыққа шығатын шығар. Сонымен бұл кісі 5 кітап жазды», - деді Қали Сәрсенбай.