​«Тікұшақпен келіп, қайықпен қайтқан»: Желіде перзентханадан шыққан ана мен баланың видеосы қызу талқыға түсті

0
3 026

«Су тасқыны демей, әйеліне гүл сыйлапты»


​«Тікұшақпен келіп, қайықпен қайтқан»: Желіде перзентханадан шыққан ана мен баланың видеосы қызу талқыға түсті

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғыны Асқар Құсайынов жаңа туған сәбиі мен келіншегі Мерейді перзентханадан қайықпен шығарып алды. Елдегі жағдай, су тасқынына қарамастан қыз сыйлаған келіншегіне бір құшақ гүлін ала келген азаматтың бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оларға мыңдаған адам жылы лебіздерін білдірді.


Желіде таралған видеодан перзентханадан шыққан ана мен баланы бірнеше туысы мен күйеуі қайыққа отырғызып кетіп бара жатқанын байқауға болады. ERNUR.KZ тілшісі осы ретте нәрестенің кіндік шешесі Айдарова Айнұрмен хабарласып, ана мен баланың жағдайын сұрап білді.


«Мерей менің қайынсіңлім болады, Асқан – күйеубалам, төтенше жағдай қызметкері. Екеуінің бір ұлы бар еді, енді, міне, өмірге Дана деген қыз келді. 4-сәуір күні Мерейдің толғағы қысып, су тасқынан жол қатынасы тоқтаған соң Ақтөбенің перзентханасына тікұшақпен жеткізілген еді. Ал шығарда Шұбар арқылы қайттық. Себебі тіке жол жоқ, Саралжынның бойы су мен селдің салдарынан бұзылған. Сол үшін айналма жолмен, 3-4 саға көлікпен жүріп, ары қарай Ойылдың өзіне жету үшін қайықпен 10 минуттай жүрдік. Үйлері су тасқынынан аман, қазір ана мен баланың жағдайы жақсы», - деді нәрестенің кіндік шешесі.


Әлеуметтік желіде жаңа босанған келіншегін қайықпен, бір құшақ гүлімен күтіп алған Асқардың әрекеті қызу талқыға түсті. Көпшілік су тасқыны кезінде келіншегін құрметтеп гүл сатып алған азаматқа ризашылығын білдірді.


«Бауы берік болсын, министр боп отыратын қыз болсын!», «Ана мен балаға мықты денсаулық тілеймін, іштен шыға сала мұздай судың үстімен жүріп өту деген қандай қиын еді», «Санавияция қайда, неге ана мен баланы қауіпсіз жерге орналастырмаған?!», «Өте қиын кезеңде босанған екен, ғұмырлы болсын!», «Біздің күйеулеріміз құрғақ жерден гүл таппайды, су басып жатқанда ұмытпай, әйеліне гүл әкелгені ерлік қой», «Нәрестеге Дана емес, Дария немесе Толқын деп ат қою керек еді», «Айдың-күннің аманында гүл алмадық, мына келіншектің күйеуі жарады», «мынандай жағдайға қарамай гүл тауып әкелгенінің өзі ерлік», «Мен туғанда Шығыста екі метр қар жауып, солдаттар танкімен шығарып алған екен», «Болашақтары жарқын болсын» деп тілек білдірді көпшілік.