Жанар Байсемізова: "Марапат алу үшін таныс болуы керек!"

0
1 249

"Журналистикада қандай да бір марапат алу үшін жоғарғы жақтан бір қолдаушың болу қажет екен", - дейді Жанар Байсемізова.


Жанар Байсемізова:

Белгілі журналист Жанар Байсемізова “Тұмар-2023” телевизиялық сыйлығының шорт-листіне ілінбей қалған, ол бұл жерде өзінің даты барын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялады.

Оның айтуынша, "Шетелдегі қазақ балалары" жобасына сыйлыққа ұсынылған бағдарламалардың ешқайсысы тең келмейді екен.

Жанар Байсемізова: "ДАТ!
Шетелдегі қазақ балалары” жобасы “Тұмар-2023” ұлттық телевизиялық сыйлығының шорт-листіне де ілінбепті.
Осыдан он жыл бұрын, "журналистика саласындағы ешбір байқауларға қатыспаймын" деп, өзіме уәде бергенмін. Алайда, үмітті, сенімді жоққа шығара алмайсың. “Жібек жолы” арнасының директоры, #шетелдегіқазақбалалары Тұмарға өткіземіз, құжаттарын дайындаңыз, деген соң, бір үміт сәулесі жылт еткен. “Аманатқа” да жақын, жанашыр адамдар айтқан соң, қатысып едім.

Алайда, үміт ақталмады. Басқа саланы айтпағанда журналистикада қандай да бір марапат алу үшін жоғарғы жақтан бір қолдаушың болу қажет екен. Таныс салып қана ала алады екенсің, медаль болсын, марапат болсын.
Менің сонша аңғалдығым, бұл жайттан хабардар болсам да, еш әрекет жасамадым. Ешкімнен ешнәрсе сұрамадым.

Қазылар алқасын қарасам, бәрі таныс адамдар. Арасында осы жобаның өзектілігін қолдап, сериялық репортаж жасатқызған “Қазақстан” теле-радио корпорациясының бұрынғы төрайымы Нұржан Мұхамеджанова да бар екен. Кезінде бірге жұмыс істеген әріптестестерім де жюридің құрамында отыр. Мені танымайтын, жобаны көрмеген орыс тілді жүргізуші, қазіргі депутат қана шығар.

Тағы да қайталаймын, “изначально” #шетелдегіқазақбалалары жобасын марапат алу үшін бастаған жоқпын. Бұл менің ұзақ жыл бойы ішімді кеміріп, ұйықтатпай жүрген идея еді. Мұхтар Мағауиннің, маған бәрі ғайыптан келеді, деп айтқанын ойласам, иә, #шетелдегіқазақбалалары маған ғайыптан келді. Ешкім маған мұндай жоба жаса деп айтқан жоқ. Ешкімнің идеясын ұрлаған жоқпын.
“Неужели” бұл жоба көтеріп жатқан мәселе өзекті, маңызды болмады?!
Қазылар алқасы, көрді ме?!
Байқауға қатысқан ешбір журналистің еңбегін құнсыздандырмаймын. Алайда, #шетелдегіқазақбалалары жобасына ешқайсысы тең келмейді. Мен және менің командам жасаған бағдарлама халықаралық стандарттарға сай. Монтажы болсын, басқасы болсын.
Мұндай жоба әлемде жоқ. Бұл жоба толығымен шетелде түсіріледі. Шорт-листке түскен қай хабар Европа, Америка, Канадада түсірілді.
Иә, бұл жоба - феномен. Қазақ журналистикасындағы ерекше стиль. Өзімді мақтамайтын адаммын, мақтанбайтын журналистпін. Осы жолы айтамын, мақтанамын, мені жеккөріп кетсеңдер де.
Бәрі ФАЛЬШ! Жас журналистер, біліңдер осыны!".



Оның бұл сөзін желі қолданушылары мен жас журналистер де қолдап, пікір білдірген. Солардың бірі, журналист Айжан Қалиева "Біздегі жүлделердің барлығы дерлік сатылады, лобби арқылы беріледі…Шынын айтсам, журналист ретінде қандай да бір марапатқа материал ұсынғым келмейді қазір…Себебі бәрі алдын-ала шешіліп қоятынын бәрі біледі…" десе, тағы бірі "Жанар ханым, ешқандай таңқалатыны жоқ деп ойлаймын.Ең басында жаңа Қазақстаннан ,ЖАҢА Қазақстан болды деп өзгеріс күткеніңіз, Сізді өкінішке әкелгені болмаса. Негізі барлығына белгілі, көке маке сакелердің заманында екеніміз.Сондықтан Сіздің жүрген жолды “жүрмегендер” Сізге баға беруге лайық емес деп ойлаймын" деп жазған.