Баланың ҰЙҚЫСЫ қанбай, тамаққа ТӘБЕТІ нашарласа ҚҰРТҚА сараптама жасатыңыз – дәрігер

0
16 922

Баланың ішегінде құрттың бар-жоғын МЫНА БЕЛГІЛЕРГЕ қарап білуге болады.


Баланың ҰЙҚЫСЫ қанбай, тамаққа ТӘБЕТІ нашарласа ҚҰРТҚА сараптама жасатыңыз – дәрігер

Бүгінгі ең қауіпті аурудың бірі – ішекқұрты екені белгілі. Оған көпшілік ата-аналар аса қатты көңіл бөлмейді. Бірақ баланың денсаулығы үшін кезек күттірмес мәселе екенін білгеніңіз жөн.

Ішек құрты өте баяу қимылмен бүкіл ағзаны зақымдайды. Сондықтан да оның қайсы түрі екенін анықтап, қажетті ем-шараларын жүргізу керек.

Жалпы, ішек құртты қалай анықтаймыз, оның ішекте бар екенін қайдан білеміз? Ішек құрты қаншалықты қауіпті? Үй жағдайында емделуге бола ма?

Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Шымкент қалалық №7 емхананың педиатр дәрігері Бегимова Динара Учкунқызы (суретте) жауап береді.


– Динара Учкунқызы, ішек құртының қанша түрі бар? Ол қалай пайда болады? Адам ағзасы үшін қаншалықты қауіпті?

– Ішек құрты – ағзаның ең қауіпті жауы. Ол ағзаны улайды, зақымдайды, уақытында анықтап, көзін жоймаса, бүкіл ағзаны жарамсыз халге жеткізеді. Бүгінгі таңда құрттың бірнеше түрі бар. Соның ішінде адам ағзасы үшін өте қауіпті "острица" мен "аскариданы" атауға болады. Ал балаларда жиі кездесетін лямблия құрты да жедел түрде емдеуді қажет етеді.

Құрттың қай-қайсысы болса да адам өміріне қауіпті. Ағзаға құрт түскенде адамның аллергиялық аурулары қозады, анемия болады, физикалық белсенділігі төмендеп, ойлау қабілеті нашарлайды. Бойын әлсіздік билейді, тез шаршағыш келеді, іштің айналасы ауырады, үлкен дәретте өзгеріс болады. Егер құрттың бар екенін біле тұра құртуға әрекеттенбесек, соқыр ішек пен өт қабын жарамсыз етеді, өкпе, ми, бауыр жұмысын нашарлатып, тыныс жолдарын зақымдайды, салдарынан жөтел пайда болады.


– Бала ағзасында құрттың барын қалай білуге болады?

– Егер баланың ағзасында құрт болса, ол байқалады. Ойын баласы болғанымен ол:

  • тез шаршағыш, әлсіз болады. Ауру адам сияқты селқос жүреді;
  • дене қызуы көтеріледі;
  • көзінің айналасы қараяды;
  • денесіне бөртпе, безеу сияқты нәрселер шығады;
  • тәбеті төмендейді;
  • құсу, жүрек айну болады;
  • аузынан жағымсыз иіс шығады;
  • ішінің айналасы ауырады;
  • үлкен дәреті өзгереді (іш қату, іш өту);
  • салмақ жоғалтады;
  • анал тесігі қышиды;
  • оң жақ қабырғасы ауырады. Себебі, құрт ішектен бөлек, бауырға да өтеді.

Жалпы, балаларда құрттың острица түрі көптеп кездеседі. Құрт бала түнде ұйықтап жатқанда анал тесігі арқылы сыртқа шығып, жұмыртқалайды. Сол кезде баланың көтені қышып, мазалайды. Артын қышыған баланың қолына құрттың жабысатыны белгілі. Ол ұстаған жердің бәрінде құрттың жұмыртқасы қалып қояды да, екінші адамға оңай жұғады.

Ал лямблиоз бен аскаридоз құрты онша білінбейді. Бұл кезде үлкен дәреттің келуі өзгереді, кішігірім іш қату болады, іштің айналасы ауырады, құсқысы келіп, аллергиялық аурулар қозады. Еш себепсіз жөтел пайда болады.


– Ішекке құрт қалай түседі? Одан сақтанудың жолы бар ма?

– Құрттың қай кезде, қалай түскенін сезбей де қаламыз. Құрт көз ілеспес жылдамдықта жұғады. Қолыңыздағы ойыншық, тамақ жейтін ыдыстар, төсектегі жапқыштар, үй жануарлары арқылы да жұғады. Тіпті, далада құмда ойнап отырған балалардың біреуінде құрт болса, жанындағыларға міндетті түрде жұғады. Көзге көрінбейтін жұмыртқалар өте жылдам әрекет етеді.

Құртты жұқтырмаудың, сақтанудың жолдары бар әрине.

  • Ол үшін балаңыз үнемі қолын сабынмен жуып жүру керек. Бірақ бөтелкедегі, ыдыстағы сумен емес, тек ағынды сумен жуу керек. Өйткені құрт ағынды сумен ғана жуылады.
  • Жеміс-жидек пен көкөністі де ағынды сумен тазалап жуу керек. Сосын қайнаған сумен шайып алсаңыз, құрттың түсуінен сақтанасыз.
  • Үй жануарларымен де ойнауына рұқсат бермеңіз. Мысық, ит те құртты тасымалдаушы болып табылады. Сондықтан да балаға жануарлардан алыс ойнау керектігін түсіндіріңіз.


– Ішек құрттың бар-жоғын анықтау үшін қандай сараптама жасату керек? Құртты анықтайтын нәжіс жылы күйінде болу керек пе?

– Ағзадағы құртты анықтау үшін бір ғана сараптама жеткіліксіз. Негізінде баланың саулығын ойлаған ата-ана баласын жыл сайын толық тексеруден өткізу керек. Мүмкіндік болса әр 6 ай сайын тексертіп тұрыңыздар деп айтар едім.

Ал жалпы құрттың бар-жоғын білу үшін нәжіс тапсыртамыз. Бір рет қана емес, қатарынан үш рет тапсырып анықтау керек. Нәжіс арқылы аскарида мен лямблияны анықтауға болады, ал острица құртын анықтау үшін анал тесігінен сараптама жасатамыз.

Ал нәжіс жылы күйінде болу керек дегенде келіспеймін. Тіпті, түндегі нәжісті тапсыру арқылы құрттың бар-жоғын анықтауға болады.


– Ал қан арқылы анықтауға бола ма?

– Егер қан сараптамасында эозинофил деңгейі тым жоғары болса, құрттың бар екенін білдіреді. Жалпы иммунологиялық қан сараптамасы арқылы құрттың бар-жоғын біле аласыз.


– Құртты қалай түсіреміз? Қандай ем жасау керек? Үй жағдайында құрттан құтылуға бола ма?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, құртты анықтау үшін үш қайтара нәжіс тапсырасыз. Үш сараптаманың нәтижесіне қарап педиатр, гастроэнтеролог немесе паразитолог дәрігер арнайы ем тағайындайды. Бұл құрттың да кейбірін үй жағдайында, енді бірін арнайы медициналық орталыққа барып емдеу керек. Еммен қатар, гигиеналық тазалық та өте маңызды.

Егер сіздің балаңыздан ішек құрттары анықталса, ішетін дәріден бөлек, тазалыққа, диетаға өте мұқият болу керек. Іш киімін күніне екі рет, жатын орнын күніне бір рет ауыстырып, ыстық сумен жуып, үтіктеп отыру қажет.

Тамақтану мәзіріне де сақ болыңыз. Тәттіні, ащыны, чикен, кәуап, жартылай дайын тағамдарды қатаң түрде шектейсіз. Сүт, ұн өнімдерін де мөлшерімен жегізіңіз. Мейлінше, жаңадан дайындалған қайнатпа ішкізесіз.

Ал үй жағдайында құртты емдеу мүмкін емес! ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) мен шөптер ешқандай да көмектеспейді. Керісінше ауруды асқындырып алуыңыз мүмкін.


– Динара Учкунқызы, ата-аналарға тағы қандай кеңес бересіз?

– Ем кезінде барлық отбасы мүшелері гигиеналық тазалықты сақтау керек. Себебі, бір балаңызда құрт болса, басқа балаларда да міндетті түрде болады. Тіпті, үлкендерде де кездесуі ықтимал. Сондықтан да ем кезінде барлық жағдайға мұқият болыңыз. Балаңыздың ыдыстарын ауыстырмаңыз. Қолданатын кез келген ыдысты қайнаған суға шайып алыңыз. Жемісті, көкөністі жуып жегізіңіз. Төсек-орын жабдығын үтіктеп отырыңыз.

Бір курс емнен соң тағы да сараптама жасатыңыз. Ол балаңыз үшін өте маңызды!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Бұл БЕС әдіс ҰЙҚЫҢЫЗДЫ қандырып, ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫ жақсартады


ТҰМАУМЕН ауырғанда ЛИМОН қосылған СУ ішу ҚАУІПТІ


Бұл ЕКІ тәсіл ағзадағы ТОКСИНДІ «жуып» шығарады