Миыңыз «қартайып» бара жатқан жоқ па?

0
3 993

Мидың «қартаюы» және есте сақтау қабілетінің төмендеуі – биологиялық құбылыс. Бірақ оны зерттеп жатқан ғалымдар бір қағидаға қатып қалып жатқан жоқ. Яғни, миды зерттеген сайын «қартайып» бара жатқан миды «жасартуға» және есте сақтау қабілетін қай кезде де жақсартуға болатынын дәлелдеп жатыр. Ол үшін арнайы әдістердің жүйесін де тізіп шыққан.


Миыңыз «қартайып» бара жатқан жоқ па?

фото: bishelp.ru

Мидың «қартаюы» және есте сақтау қабілетінің төмендеуі – биологиялық құбылыс. Бірақ оны зерттеп жатқан ғалымдар бір қағидаға қатып қалып жатқан жоқ. Яғни, миды зерттеген сайын «қартайып» бара жатқан миды «жасартуға» және есте сақтау қабілетін қай кезде де жақсартуға болатынын дәлелдеп жатыр. Ол үшін арнайы әдістердің жүйесін де тізіп шыққан.

1-әдіс

Миға салмақ түсірмейтін жеңіл істермен, мәселен, кітап оқу мен сөзжұмбақтар шешу мидың есте сақтау үрдісін шынықтырады. Ғалымдардың айтуынша, бұл басымыздағы сұр сұйықтықтың түйіспемен (синапс – нейрондар арасындағы түйісетін жер) белсенді әрекеттесіп, сол арқылы есте сақтауды күшейтеді.

Бір кемшілігі – нәтижесін көру үшін күн сайын және өмір бойы бір мезгіл сөзжұмбақ шешіп немесе қызықты кітаптар оқып тұруыңыз қажет.

2-әдіс

Тағамды дұрыс таңдаңыз.

Адамның тәнінде шамамен 100 миллиардтай нейрондар орналасқан. Олар көп бөлігі майлардан тұратын миелин қабатымен әрекеттеседі. Сондықтан құрамында май қышқылдары мол азық-түліктер (күнжіт майы, жаңғақтар, майлы балық, бидай кебегі) есте сақтау қабілетін өз дәрежесінде сақтауға көмектеседі.

Оған қоса, тұрақты тағамдық қоспаларды пайдалануға болады. Оларға дәрумендер жиынтығы жатады.

Есте сақтау қабілетіне ең қатты әсер етуші – темір. Оның маңызды қызметі – миға оттегін қажетті деңгейде жеткізіп тұру. Сондықтан, ас мәзіріңізге ет, балғын көкөніс, теңіз өнімдері мен құрамында темірі мол өзге де азық-түліктерді қосуға тиіссіз.

Мүмкін болғанынша рафинадталған қанттан, жартылай дайындалған өнімдерден бас тартыңыз. Олар – есте сақтау қабілетін төмендетуге және миыңызды «қартайтуға» барынша күш салады.

3-әдіс

Ойды жинақтап үйрену керек.

Есте сақтау қабілетінің төмендеп кетуіне бірден-бір себеп – ойдың шашырап жүруі, назарды бір бағытта ұстау алмау. Зерттеу нәтижесінде мидың еске түсіруі үшін шамамен 8 секунд керек екені белгілі болған.

Ең жақсы әдіс – болып жатқан жағдайды дауыстап айту. Әрине, айғайлап айтпайсыз, өзіңіз естілетіндей етіп қана дауыстайсыз.

4-әдіс

Ой-өрісті дамыта отырудың да есте сақтау қабілетін жақсарту мен мидың қызметін қалпында сақтауда маңызы жоғары екендігін білесіз бе?

Білсеңіз, ой-өрісіңізді дамытыңыз, жаңа қырыңыздан өзіңізді танып көріңіз. Мәселен, тағам дайындап үйреніңіз, шет тілін оқыңыз, музыка аспаптарын байқап көріңіз, кітап оқып, біліміңізді арттырыңыз. Осы сияқтылардың барлығы да мидың қартаюына жол бермейді.

5-әдіс

Бұл бәріне ұнайтын әдіс. Мидың жұмысы мен есте сақтауды арттыру үшін ұйықтаңыз. Дұрысы, ұйқыңыз қанық болсын. Уақытында жатып, ерте тұрыңыз.

Жұмысқа беріліп кетіп көп адамдар ұйқының уақытын ұрлап жатады. Ал ғалымдардың зерттеуі бойынша ми жұмысы үшін 8 сағаттық толыққанды ұйқының мәні зор.

6-әдіс

Мнемотехниканы қолданыңыз.

Кез келген ақпаратты ұқсатып қабылдау бұрыннан нәтиже беріп келген. Мысалы, біреудің есімін жаттап қалу үшін ойша өз ортаңыздан сол адаммен аттас жанмен байланыстырып көріңіз. Сонда ұмытып қалмайсыз әрі есте сақтап қалу да оңай болады.

7-әдіс

Спорт. Спорт... тағы да спорт.

Күнделікті спорттық жаттығудың ең болмаса біреуімен айналысып тұрудың да ми жұмысы үшін пайдасы көп екендігіне мән беріңіз. Бүтіндей алғанда ағза үшін пайдалының барлығы да мидың жұмысын жақсартпаса, тежемейді. Санаңыз да сергек болып, есте сақтау қабілетіңіз жақсарып жатқандығын уақыт өте-ақ өзіңіз де байқайсыз.