​Елімізде қанша ер адам бала күтіміне байланысты демалыста отыр

0
310


​Елімізде қанша ер адам бала күтіміне байланысты демалыста отыр

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Еңбек заңнамасына сәйкес, бала күтімі бойынша демалыс анасымен қатар әкесіне де беріледі, деп жазады kaz.inform.kz.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінде қазақстандық ер азаматтар да осы құқығын қолданып отыр. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алынған деректерді ұсынамыз.

Әлеуметтік кодекстің 1-бабы 26-тармақшасына сәйкес сәби дүниеге келген сәттен бастап 1,5 жасқа дейін ата-ана міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде әлеуметтік төлем алу құқығына ие.

Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмысшыға бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ата-анасының таңдауы бойынша баланың анасына не әкесіне жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Сондай-ақ Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмысшының жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған статистика:

— 2024 жылы 477 ер адам бала күтіміне байланысты демалыс алған (әлеуметтік төлем алушылардың 0,18%);

— 2025 жылдың 8 айында 249 ер адам бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан (әлеуметтік төлем алушылардың 0,15%).

Өңірлерге келсек, 2025 жылдың 8 айында Алматы қаласы бойынша 43 ер адам (бала күтімі демалысындағы ер адамдардың 17%), Астана қаласы бойынша 36 ер адам (бала күтімі демалысындағы ер адамдардың 14%) және Шымкент қаласы бойынша 24 ер адам (бала күтімі демалысындағы ер адамдардың 10%) демалыс алған.
Тағы бір дерек, 2024 жылы бала күтімімен демалыс алған ерлерге 1 млрд теңге (әлеуметтік төлемнің 0,25%), ал 2025 жылдың 8 айында 671 млн теңге (әлеуметтік төлемнің 0,23%) әлеуметтік төлем жасалған.
Әлеуметтік кодекстің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, егер бала күтімі бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әкесі мен анасынан бөлек-бөлек өтінім түссе, онда қордан көрсетілетін әлеуметтік төлем біреуіне ғана тағайындалады. Ал әлеуметтік төлем мөлшеріне келсек, бала күтімімен демалыс алған азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі соңғы екі жылдағы орташа айлығының 40%-ы көлемінде беріледі. Соңғы екі жылдағы орташа айлық баланың туған күнінің алдындағы соңғы күнтізбелік 24 ай ішінде қорға түскен ай сайынғы әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс сомасын 24-ке бөлу жолымен айқындалады.

Айта кетерлігі, әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынып, төлем алушының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылады.

Сонымен қатар ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы емес азаматтарға мемлекеттік бюджеттен тағайындалатын бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен бірінші балаға — 5,76 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); екінші балаға — 6,81 АЕК; үшінші балаға — 7,85 АЕК; төртінші және одан кейінгі балаларға — 8,90 АЕК кем болмайды.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауы тиіс (2025 жылы: 7*85 000 теңге *40% = 238 000 теңге).

Ескеретін жайт, бала күтімі бойынша демалысты әкесі мен анасы өзара бөлісе алмайды және әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы не анасына не әкесіне ғана тағайындалады.

Еңбек министрлігіне ер адамның декреттік демалысқа шығуы оның мансаптық өсуі мен қызметтік перспективасына әсер ете ме деген сауал жолдаған едік.

“ Мұндай мәселе Еңбек кодексі аясында қарастырылған. Бұл жайт жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарты немесе ұжымдық шарт талаптарында, жұмыс берушінің актісі аясында қарастырылады “, — деген жауап алдық.