КОЛЛЕДЖГЕ жіберу әлде МЕКТЕПТЕ қалдыру: қай шешім дұрыс?

0
889

Колледжге түсу — тек мектептен ерте кету емес, бұл болашақ мамандық таңдауда маңызды шешім.


КОЛЛЕДЖГЕ жіберу әлде МЕКТЕПТЕ қалдыру: қай шешім дұрыс?


Қазіргі таңда көптеген ата-аналар мен оқушылар 9-сыныптан кейін білім алуды қай бағытта жалғастыру керектігі туралы ойлануда. Кейбірі 11-сыныпқа дейін мектепте оқуды жалғастырса, енді біреулері колледжге түсіп, ерте кәсіби білім алуды қалайды. Бұл мәселе әр оқушы үшін жеке қарастырылуы керек, себебі әр баланың қабілеті мен қызығушылығы әртүрлі.

Мұғалімдер қауымы бұл тақырыпқа үлкен жауапкершілікпен қарауы керек, өйткені дұрыс таңдау оқушының болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Колледжге түсу — тек мектептен ерте кету емес, бұл болашақ мамандық таңдауда маңызды шешім. Оқушының жеке ерекшеліктерін, оның қызығушылықтарын, ата-анасының көзқарасын және нарық сұранысын ескерген жөн.


Оқушыны 9 сыныптан кейін колледжге жіберуге болатын жағдайлар бар:

1. Бала белгілі бір мамандыққа қызығатын болса

Егер оқушы 7-8-сыныптан бастап нақты бір салаға қызығып, өз болашағын сол кәсіппен байланыстырғысы келсе, колледжге түсіру – жақсы шешім. Мысалы, техника, медицина, аспаздық, IT, дизайн секілді мамандықтарға бейімі болса, колледж оған керемет мүмкіндік береді.


2. Мектеп бағдарламасы қиындық тудырып жатса

Кейбір оқушыларға теориялық білімді игеру қиын. Олар есептерді шығара алмай, әдеби шығармаларды талдауға қиналып, мектептегі дәстүрлі жүйеге үйренісе алмай жатады. Бірақ бұл – олардың болашақта жақсы маман болмайтынын білдірмейді. Мұндай балаларға колледжде практикалық білім алу әлдеқайда пайдалы.


3. Бала ерте жұмыс істеп, өз нанын тапқысы келсе

Кейбір жасөспірімдер 18-ге толмай-ақ өз бетінше ақша табуды қалайды. Колледж олардың мамандық алып, еңбек нарығына ертерек араласуына көмектеседі. Мысалы, жақсы шебер немесе даяшы болып, оқуын бітіре салысымен жұмысқа тұра алады.


4. Ата-ананың материалдық жағдайы

Шындыққа тура қарайық: университетте оқу – қымбат. Ал колледжде көптеген мамандықтар бойынша тегін оқуға немесе стипендия алуға болады. Сондықтан кейбір отбасылар үшін бұл тиімді нұсқа.


5. Бәсекеге қабілеттілік

Қазіргі заманда дипломың болуы маңызды емес, ең бастысы – тәжірибең мен білімің. Кейбір кәсіптерді игеру үшін міндетті түрде жоғары оқу орны қажет емес. Бағдарламалау, графикалық дизайн, SMM, электроника сияқты салаларда колледжден кейін-ақ жақсы жұмысқа орналасуға болады.


Дегенмен, колледжге ерте кетудің де өз қиындықтары болады:

  • Мамандық таңдауда жаңылысып қалуы мүмкін. 14-15 жас – болашақты толық анықтау үшін тым ерте кезең. Кейбір балалар колледжге түскен соң өзіне ұнамайтынын түсініп, қайта бағыт іздей бастайды.
  • Білімді тереңдету мүмкіндігі шектеулі. Кейбір мамандықтарды меңгеру үшін колледж жеткіліксіз болып, кейін университетке түсу қажеттігі туындайды. Бірақ ҰБТ-ны қайта тапсыру – қосымша күш пен уақытты талап етеді.
  • Достардан, мектеп ортасынан ажырау. Кейбір оқушылар колледжге бейімделе алмай, бұрынғы мектебін, сыныптастарын сағынады.


Осыған байланысты, Шымкент қаласы, 14 жалпы орта білім беретін мектептің 30 жылдан аса тәжірбиесі бар ұстазынан сұрап көрген едік, Гүлнар Төлегенқызы:


"Өзім талай оқушыны колледжге жіберуге кеңес бердім. Бірақ ата-аналарға әрдайым бір нәрсені айтамын: «Балаңыздың пікірін сұраңыз!» Себебі кейде ата-ана өз қалауын таңып, баланың қалауын ұмытып кетеді. Егер бала өзі таңдаса, колледжде жақсы оқиды, ал мәжбүрлі түрде барса, қызығушылығы болмай, мамандығын ұнатпай қалады. Сондықтан бұл мәселені мұғалім, ата-ана және оқушы үшеуі бірге шешуі керек", - дейді.

Әрине, әр көзқарас дұрыс. Дегенмен, 7 рет өлшеп, бір рет кесіп қана шешім қабылдау керек.


Оқушының 9-сыныптан кейін колледжге түсуі немесе 11-сыныпқа дейін мектепте қалуы – әркімге жеке таңдау. Егер бала нақты бір кәсіпке қызығып, мектептен кейін бірден мамандық алғысы келсе, колледж – дұрыс шешім. Бірақ болашағына әлі нақты сенімі жоқ, жоғары білім алғысы келетін бала үшін мектепте қалып, ҰБТ-ға дайындалғаны дұрыс. Мұнда ең бастысы – оқушының өз қалауы мен қабілетін ескеру.