МҰҒАЛІМНІҢ беделін түсіретін 10 қателік

0
337

Мұғалімге мүлде істеуге болмайтын әрекеттер мен айтуға болмайтын сөздер бар.


МҰҒАЛІМНІҢ беделін түсіретін 10 қателік

көрнекілік фото: freepik.com сайтынан

Мұғалім – тек білім беруші, тәжірбиесімен бөлісуші емес, оның психикасына, дамуына, тәрбиесіне әсер ете алатын «авторитетті» тұлға. Мұғалімнің әрбір сөзі мен әрекеті оқушының өзін-өзі бағалауына, болашағына ықпал етеді. Сондықтан мұғалімнің оқушы алдында жауапкершілігі өте жоғары болуы тиіс. Кейбір әрекеттер мен сөздер баланың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Осы орайда, мұғалімге мүлде істеуге болмайтын әрекеттер мен айтуға болмайтын сөздер бар.


1. Оқушының және оның отбасының қадір-қасиетін қорлау

Әрбір бала – жеке тұлға, ал оның отбасы – оның тірегі. Мұғалім оқушының әлеуметтік жағдайына, отбасына қатысты келемеждеу немесе кемсіту сөздер айтуына болмайды. «Сенің отбасың қандай, өзің сондайсың» немесе «сен ешқашан жақсы оқушы болмайсың» деген сөздер оқушының көңілін түсіріп, өзіне деген сенімділігін жоғалтады.


2. Оқушының жеке ақпаратын пайдалану

Оқушының жеке деректері, мысалы, құжаттардағы мәліметтер, ата-анасының жұмысы, тұрмыстық жағдайы мұғалімнің кәсіби шеңберінен шықпауы керек. Бұл ақпаратты өзгелермен бөлісу немесе келемеж ретінде пайдалану оқушының құқығын бұзады.


3. Алғашқы көмек көрсетпеу

Егер оқушы өзін нашар сезінсе, мұғалім шұғыл түрде көмек көрсетуі керек. «Өзің кінәлі», «шыда», «ойдан шығарма» деген сөздер айту – жауапсыздық. Мұндай жағдайлар оқушы өміріне қауіп төндіруі мүмкін.


4. Оқу мәселелері бойынша көмек көрсетпеу

Оқушы түсінбей қалған тақырып бойынша сұрақ қойса, мұғалім оған көмек көрсетуге міндетті. «Мен саған қанша рет айттым?», «Өзің үйреніп ал!», «Неге сен ғана түсінбейсің?» деген сөздер баланың ынтасын жоғалтады. Мұғалім әр оқушының қабілетін ескеріп, шыдамдылық танытуы керек.


5. Діни сенім мен бейәдеп сөздерді қолдану

Сабақ барысында мұғалім діни көзқарасын оқушыға айтуға, оқушыны басқа ағым мен дінге тартуға болмайды. Кез келген діни немесе ұлттық көзқарасты талқылау, сондай-ақ оған қатысты жағымсыз ойын білдіруге болмайды. Мұғалім үнемі мәдениеттілік пен сыйластықтың үлгісі болуы тиіс.


6. Оқушыны сыныптан шығарып жіберу

Оқушыны сабақтан шығарып жіберуге, немесе ашуға беріліп, «шығып кет», «маған бәрібір» деген сөздерді айтып, қорлауына болмайды. Оқушының тәртібі дұрыс болмаса мектеп әкімшілігін, ата-анасын хабардар ету керек.


7. Оқушының жеке мүлкіне зиян келтіру

Оқушының затын алып, оны қайтармау немесе зақымдау – педагогикалық этикаға сай емес. Мұғалім оқушының құнды затын алып қойса, оны міндетті түрде ата-анасына қайтаруы керек. Сабақ үстінде рұқсатсыз телефон қолданса, сабақ аяқталған соң қайтаруға міндеттісіз.


8. Оқушыны мәжбүрлеп еңбекке тарту

Мектепте тәртіп орнату мақсатында оқушыны сынып жинауға немесе ауыр жұмыстарға тарту дұрыс емес. «бұл саған жаза», «бәрін өзің тазала» деген сөздер мұғалімнің беделін түсіреді. Мұндай іс-әрекеттер ата-аналар мен мектеп әкімшілігінің келісімімен ғана жүзеге асуы керек.


9. Психологиялық қолдау көрсетпеу

Оқушының көңіл-күйіне назар аудармау, оның мәселелерін елемеу – мұғалімнің кәсіби қателігі. «Маған бәрібір», «мектептен кетсең де, маған бәрібір» деген сөздер оқушының болашаққа деген сенімін жояды. Мұғалім әрдайым оқушыға моральдық қолдау көрсетіп, дұрыс жол көрсетуі керек.


10. Оқушыға айтылмауы тиіс сөздер

Мұғалімнің әр сөзі оқушыға мотивация беруі тиіс, ал кейбір сөздер оның дамуына кедергі келтіреді. Мұғалім оқушыға мынадай сөздерді айтуға болмайды:

  • «Сенен ештеңе шықпайды...»
  • «Сен жалқаусың...»
  • «Болашағың жоқ...»
  • «Саған білім алу керек емес...»
  • «Не деген ақымақсың!»
  • «Мені шаршаттың...»
  • «Өз орныңды біл!»
  • «Сен бәрібір түсінбейсің.»
  • «Мұндай болмайтын сұрақ қойма...»

Осындай сөздер оқушының мотивациясын төмендетіп, психологиялық «травма» қалдыруы мүмкін.


Мұғалім – оқушының жанашыры, бағыт берушісі. Оның әр әрекеті мен сөзі баланың болашағына әсер етеді. Сондықтан мұғалім оқушылармен қарым-қатынаста мұқият болуы керек. Баланың сенімін ақтау – әрбір мұғалімнің басты мақсаты. Нағыз ұстаз оқушыға қолдау көрсетіп, оны қанаттандыруы тиіс. Ұстаз беделі – тек білімде ғана емес, адамгершілігінде.