Оқушының оқу үлгерімінің нашарлауына ықпал ететін 7 күтпеген себеп
Кейде сыныптағы белсенді, зерек оқушылардың да оқу үлгерімі төмендеп кететінін байқаймыз. "Бұл бала бұрын жақсы оқитын еді, не болды екен?" деген сұрақ туындайды. Мұндай жағдайда біз көбінесе кінәні бағдарламадан, мұғалімнен, кейде тіпті ата-анадан іздеп жатамыз. Бірақ кейде мәселе тереңірек жатады. Баланың мотивациясы, өзін-өзі бағалауы, эмоциялық жағдайы – мұның барлығы оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгін сіздерге оқушының үлгерімінің нашарлауына ықпал ететін 7 күтпеген себепті ұсынамыз және осы жағдайды қалай өзгертуге болатынын талқылаймыз.
Сіз оқушыны көп мақтамайсыз!
Баланың жетістіктерін мойындау – оның өзін-өзі бағалауын көтеріп, ынтасын арттыратын маңызды фактор. Кейбір оқушылар өздерінің еңбегін ешкім байқамаса, оқуға деген қызығушылығын жоғалта бастайды. Егер сіз тек қателіктерін ғана көрсетіп, жетістіктерін елемесеңіз, бала өз күшіне сенуден қалады.
Не істеуге болады?
- Оқушыны тек үздік нәтижесі үшін емес, кішкентай жетістіктері үшін де мақтаңыз.
- "Жарайсың! Сен жақсы әрекет жасадың!" деген сөздер оқушыға үлкен мотивация береді.
- Мақтаудың жасанды емес, шынайы болғаны маңызды.
Әр оқушының қабілетіне қарай жұмыс істелмеуі
Біз барлық оқушыны бірдей деңгейде ойлайды деп ойлаймыз, бірақ шындығында әр баланың қабілеті әртүрлі. Бірі материалды жылдам меңгерсе, екіншісі тереңірек түсіну үшін көбірек уақыт пен қолдау қажет етеді. Егер оқушының жеке ерекшелігі ескерілмесе, ол өзіне сенімсіздік танытып, оқудан алыстай бастайды.
Не істеуге болады?
- Сабақ барысында әртүрлі тапсырма деңгейлерін беруге тырысыңыз.
- Тапсырманы орындау кезінде оқушының қабілетіне қарай әртүрлі әдістерді пайдаланыңыз.
- Оқушыларға өз қарқынымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіз.
Үй жұмысын, тақтадағы жұмысты өз бетінше емес, тек көмекпен істеуге үйренген
Кейбір оқушыларға ата-анасы, достары немесе мұғалім үнемі көмектесіп, олардың өздігінен ойлануына мүмкіндік бермейді. Бұл олардың дербес ойлау қабілетін төмендетіп, өздігінен шешім қабылдау дағдысын әлсіретеді. Нәтижесінде, бала тапсырманы орындағанда қиналып, біреудің көмегінсіз жұмыс істей алмайды.
Не істеуге болады?
- Баланы өз бетінше шешім қабылдауға үйретіңіз.
- Көмек қажет кезде оған дұрыс бағыт беріңіз, бірақ жауабын дайын бермеңіз.
- "Сен бұл тапсырманы өзің қалай орындап көрер едің?" деген сұрақ қойып, ойлануына мүмкіндік жасаңыз.
Дұрыс кері байланыстың болмауы
Кері байланыс – оқушының қателіктерін түзетіп, даму жолын айқындауға көмектесетін маңызды құрал. Егер мұғалім немесе ата-ана тек "Дұрыс емес" немесе "Қате" деп қысқа қайырса, бала қай жерден қателескенін түсінбей, оқуға деген қызығушылығын жоғалтады.
Не істеуге болады?
- Оқушының қатесін көрсетіп қана қоймай, оны қалай түзетуге болатынын түсіндіріңіз.
- "Мына жері жақсы, ал мына тұсын сәл өзгертсең, тіпті керемет болар еді" деп нақты нұсқаулық беріңіз.
- Оқушының қателігін дамыту мүмкіндігі ретінде көрсетіңіз.
Баланың қызығушылығы басқа нәрсеге ауған
Кейде бала белгілі бір пәнге емес, басқа салаға қызығушылық танытады. Мысалы, ол шығармашылыққа, спортқа немесе техникаға бейім болуы мүмкін. Егер оның қызығушылығы ескерілмесе, ол оқуды мағынасыз іс деп қабылдайды.
Не істеуге болады?
- Оқушының қызығушылығын біліп, сабақ барысында соны қолдануға тырысыңыз.
- Мысалы, әдебиетке қызықпайтын балаға тарихи деректерді қосып, оның қызығушылығын арттыруға болады.
- Оның хоббиі мен оқуды байланыстыратын тәсілдерді іздеңіз.
Қателесуден қорқу
Кейбір оқушылар үшін қателесу – үлкен стресс. Егер бала қате жасағаны үшін жиі сынға ұшыраса немесе мұғалім тарапынан қолдау таппаса, ол жаңа нәрсені үйренуден қашады.
Не істеуге болады?
- Қателесудің қалыпты жағдай екенін түсіндіріңіз.
- "Қателік – үйренудің бір бөлігі" деген қағиданы ұстаныңыз.
- Сабақта "Кім қателеседі, сол үйренеді" деген достық атмосфера орнатыңыз.
Прокрастинация (істі кейінге қалдыру)
Кейбір оқушылар тапсырмаларды үнемі кейінге қалдыруды әдетке айналдырады. Бұл көбінесе уақытты дұрыс басқаруды білмеуінен немесе жауапкершіліктен қашудан туындайды.
Не істеуге болады?
- Оқушыға уақытты жоспарлау дағдыларын үйретіңіз.
- "Кішкентай қадамдар арқылы үлкен жетістікке жетесің" деген қағиданы ұстаныңыз.
- Үлкен тапсырмаларды бірнеше бөлікке бөліп орындауға көмектесіңіз.
Оқушының үлгерімі тек оның қабілетіне ғана емес, оның эмоциялық, психологиялық жағдайына да байланысты. Егер оқушыңыздың сабақ үлгерімі төмендеп кетсе, оны кінәлаудан бұрын, мәселенің түпкі себебін анықтаңыз. Бастысы – балаға сенім артып, оны қолдау. Мұғалім ретінде біз тек білім беруші ғана емеспіз, біз олардың өміріндегі бағыт-бағдар берушіміз. Әр оқушының мүмкіндігін көре білу – нағыз мұғалімнің шеберлігі.