Z мен Alpha буыны – қиын ұрпақ емес. Тек олар бұрынғыдай оқымайды, бұрынғыдай тыңдамайды. Олармен қатар жүру үшін мұғалім де өзгеруі тиіс.
көрнекілік: mel порталынан
Бүгінгі оқушы – бұрынғыдай емес. Бұрын біз мектепке күнде кітап арқалап барып, қоңырау соғылуын асыға күтсек, қазір оқушылар сабақ үстінде де TikTok қарап отыра алады. Телефон – қалтасында, Google – жанында, ал әлем – алақанында. Бұл – Z және Alpha буындарының шындығы. Олармен түсінісу оңай емес. Бір қарағанда – бәрі орнында: партада отыр, дәптері мен қаламы бар, тақтада мұғалім. Бірақ шын мәнінде, олардың миы мүлде басқа кеңістікте – цифрлы әлемде. Олар біздің үйреншікті тәсілдерімізге онша еліге қоймайды. Мұғалім түсіндіріп жатқанда олар басқаша ойлап, басқаша қабылдап отырады. Себебі бұл – Z пен Alpha буын ұрпақтары.
Z буыны кімдер?
1995–2010 жылдары туған жастар – Z буыны деп аталады. Олар – технологиямен бірге өскен алғашқы ұрпақ. YouTube, Instagram, TikTok сияқты платформалар – олар үшін жай ғана қосымша емес, күнделікті өмірдің бір бөлшегі.
Осы ұрпақтың бір ерекшелігі – олар бәрін тез қалайды: тез жауап, тез нәтиже, тез эмоция. Сабақ қызық болмаса – көңілі бөлініп кетеді. Ұзақ әңгіме, ұзақ лекция – олар үшін тым ескі формат.
Z буынына:
- қызықты болу керек,
- интерактивті болу керек,
- қысқа әрі нақты болу керек.
Alpha буыны қандай?
Alpha – 2010 жылдан кейін туғандар. Яғни қазіргі мектепке енді келген немесе 5–8 сыныптардағы оқушылар. Бұлар мүлде жаңа толқын. Туғаннан планшет пен смартфон ұстап өскендер. Кейбірі Google-ға сұрақ қойып, ата-анасына жауап айтып отырады. Alpha буыны – эмоцияға өте сезімтал. Оларды сынау емес, қолдау керек. Бір қателігі үшін ұрыссаңыз – өзіне деген сенімі тез жоғалады. Ал мақтасаңыз – шабыттанып, жаңа идеямен келеді. Бұл буын өзін еркін сезінгісі келеді. Шекара қоюға болады, бірақ ол шекара түсіністікпен, жылы тілмен салынуы тиіс.
Alpha буыны кітап оқығысы келмейді деген миф бар. Бірақ ол шындық емес. Олар басқаша оқиды: қысқа, көрнекі, көңіл көтеретін форматты жақсы көреді. Мысалы, бір бетті мәтін емес – бір минуттық видео.
Олардың миы визуалға бағынған. Сондықтан сабақ беретін мұғалім де визуалға бейімделмесе – оқушы оны тыңдамайды. Тіпті көрмейді де.
Енді не істемек керек?
Мұғалім ретінде ренжіп, "бұрын бәрі басқаша еді" деп отыру – жол емес. Керісінше, жаңа ұрпаққа сай болуға ұмтылу – нағыз жаңашыл ұстаздың бағыты.
Не істеуге болады?
Сабақта TikTok форматтарын қолдану
Интерактивті тапсырмалар: Kahoot, Quizizz, Mentimeter
Видео, анимация, инфографика – бәрі оқушы назарын ұстап тұрады
Өзгеше ойлайтын оқушыларға еркіндік беру
Мұғалім – жай ғана пән оқытушысы емес, бағыт көрсетуші, қолдаушы, тіпті кейде мотивация беретін дос.
Жаңа буынды түсіну үшін өзіміз де жаңаруымыз керек. Әр сабақта емес шығар, бірақ аптасына бір рет болса да – жаңаша бір әдіс қолданып көрейік. Олар сізді көре сала:
«Бүгін қандай қызық болар екен?» – деп ойласын.
Z мен Alpha – қиын ұрпақ емес. Тек олар біз үйренген тәсілдермен оқымайды.
Ал біз үйрену қабілетімізді жоғалтқан жоқпыз ғой. Ендеше, жаңа заманға бірге бейімделейік!