«Төркініндегі бауырлары да таппай отырғанын айтты»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Мен бұрын гипноз, көзді байлап алаяқтық жасау дегенге сенбейтінмін. Жақында көзтаныс бір келіншектің сондай тірлікпен айналысып, талай адамды былыққа батырып кеткенін естігенде сенбеске амалым қалмады. Айына екі мәрте тырнағыма маникюр жасап беретін әп-әдемі келіншек еді, ізім-қайым жоқ боп кетіпті», - дейді Айсұлу есімді бойжеткен.
Сән салонында істейтін келіншекті қазір енесі мен күйеуі іздестіріп жатыр екен. Оның қайда екенін тіпті бауырлары да білмейтін боп шыққан. Оқиғаның жай-жапсарын Айсұлу ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Үш жылдан бері бір салонның тұрақты клиентімін. Екі аптада бір әлгі жерге барып, үсті-басымызды «ремонттап» шығамын. Сол жерде Жанерке дейтін қыз жұмыс істейтін. Өзі менімен қатарлас, әңгімешіл, ашық-жарқын мінезді еді. Тырнағыма маникюр істетіп жүріп көзтаныс боп кеттік. Жұмыс арасында қарап отырмай оны-мұны әңгіме ететінбіз. Сонда ол келіншек күйеуге тигенін, алайда бірнеше жылдан бері бала көтере алмай жүргенін айтып, мұңайып қалушы еді. «Енем үйде, тірлік істемейді. Күйеуім де табыс таппайды, осы жерден тапқан табысыма кешке азық-түлік арқалап қайтам. Өмірден шаршап кеттім» деп мұңын шаққанда сөзіне кәдімгідей сеніп, жаным ашып кететін.
Осы жазда жұмысымның жанынан басқа мастер таптым да, тырнақ істейтін маманды ауыстырып жібердім. Бірақ үш айда бір ескі салонға барып, шашымды қысқартып тұрам. Соңғы рет барғанда Жанеркені көрмей қалдым. Шаштараз қыздан жағдайын сұрап ем, «Айтпақшы, сен біраз қызықтан қалып кетіпсің ғой» деп күлді. Сосын арғы жақта шашын боятып отырған екі әйелге бұрылып «мына қыз сіздің келініңізді сұрап жатыр» деп дауыстады. «Ойбай, атама, бұған да қарыз шығар ол, төлемеймін, шаршадым» деді орамал таққан бір апа. Мен ештеңені түсінбей бірер минут отырып қалдым.
Сөйтсем Жанерке деген келіншек маникюр істеп жүріп бірталай адамды «отырғызып» үлгеріпті. Ең алдымен сол жердегі сұлулық салондарын жалға беретін кәсіпкер әйелді айналдырып, қолхатпен 1 миллион теңге өсімге қарыз алыпты. Оны маған енесі айтып берді.
«Үйімді ремонттайын деп едім, бір жерден ақша түсу керек, соған дейін қарыз бере тұрыңыз» деп әлгі әйелден ақша алыпты, - деді кейуана. - Оған тағы ұялмастан қолхат жазып беріпті. Бастапқыда ай сайын үстінен төлейтін қарызын құйып отырған. Меніңше, ол мұның бәрін алдын ала жоспарлап отырды-ау. Одан бөлек менің көрші подружкам өзіне маникюр жасатуға келгенде «апа, білезігіңізді ломбардқа өтізуге бере тұрыңызшы, екі күнде қайтарып әперем» деп көндіріпті. Ол байғұстың арам ойы жоқ, менің келінім деп сеніп енесінің көзі боп қалған білезігін Жанеркенің қолына ұстата салған. Тағы келінім білезікті өзінің емес, құрбымның атынан өткізіпті. Екі күннен кейін құрбым «білезігімді әпересің бе» деп іздеп барған екен, «апама айтпай-ақ қойыңызшы, тағы екі-үш күн күтсеңіз әперем» деп шығарып салған. «Күйеуім машинасын соғып алып еді, ақша соған керек боп тұр, енем білсе уайымдайды» деп өтірікті соққан. Осы аралықта баламның досының әйелі базарда алтын сататын, соған барып, 700 мың теңгеге екі комплект алыпты. «Ай сайын құйып тұрам, сенімді адаммын ғой» деп аузын аңқитып кеткен.
Балам екеуінің арасында бала жоқ. Қаншама рет балама «мына қатыннан ажырасып, туатынын ал» деп айттым. «Сүйем» деп жабысып, ажыраспай қойып еді. Ақыры не болды? Келінім күнде үйге азық-түлік көтеріп келетін, «айлығың қайда» десем «апа, үйге анау-мынау әкеліп жатырмын ғой» деп құтылатын. Сөйтсем үйге тасыған тамақтың бәрін жанымыздағы дүкеннен қарызға алып жүріпті. «Қарыздарыңыз 75 мың теңге болды, Жанерке төлемей жүр» деп дүкеннің қожайыны үйге іздеп келгенде есім шығып кете жаздады.
Келінімнің былықтарының бәрін өзі кеткесін біліп отырмын ғой. Сыр білдірмей, таңертең «жұмысқа кеттім» деп шығып кеткен. Кешкісін үйге оралмады. Уайымдай бастадық. Балам телефон соғып «Келе жатсың ба?» деп сұрап еді, «келе жатырмын, автобус пробкада тұрып қалды, уайымдама» деп айтыпты. Содан кейін телефонын сөндіріп тастады. Таңға дейін көз ілмедік, учаскелік инспектор шақырдық. «Ересек адам ғой, үш күнге дейін күтіңіздер» деп кетіп қалды.
Төркініне, құда балаларға телефон шалып, жағдайды айтып едім. Олар да уайымдап, іздей бастады. Жер жұтып кеткендей, екі айға дейін бір дерегін біле алмай дал болдық. Екі айдан кейін бір ағасы звондап, «Аман екен, «Алматыда жүрмін, мені іздемеңдер» деп тұтқаны қоя салды» деп хабарын айтты.
Енді балам екеуміздің есігімізге тыныштық жоқ, иттен сүйек қарыз болған екен. Бәрі мекен-жайымызды осы салондағы қыздардан алып, келе береді. Әлгі миллион қарызын төлеуден балам бас тартты. «Ағалары тауып берсін» деп қарыз берген әйелге солардың нөмірін берді. Олар жауып беріпті. Ал алтынын өзіміз күйіп-пісіп төледік. Досы ғой, қалай шырылдатып тастап кетеді. Мен өзімнің зейнетақымнан құрбымның білезігін ломбардтан әпердім, дүкеннің қарызын жаптым.
Төрт жыл жанымда сұр жылан жүргенін қалай байқамай қалғам десейші. Соншама адамды көздерін бақырайтып тұрып алдап, арбап кеткенін айтам да. Тағы үйде тұрған менің алтындарыма тиіспепті. Оған да шүкір дедім. Балам күйзеліске түсіп кетті. Таң атқанша көз ілмейді, тұңғиыққа батып бара жатқандай, үсті-үстіне темекі шеге береді. Жалғыз келінім деп бетіне келмеп едім, істеп кеткені мынау. Қазір кісі баласына сенуден қалдым. Ең сорақысы, балам заңды түрде ажыраса алмай отыр».
Сұлулық салонындағы кейуананың әңгімесіне сенер-сенбесімді білмей қалдым. Өмірде мұндай да болады екен-ау. Осыншама адамды шырылдатып, көз жасына қалған Жанерке қазір қайда жүр десейші, көптің наласымен ұзаққа бармаса керек...»