«Тойға төркіні болып келгендерді де таппай қалдық»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында төрт баласы бар келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталған еді. Ол өзінің төрт баласы барын жасырып, бұрын үйленбеген бойдақ жігітті алдап тұрмысқа шығып, соңында келін боп түскен үйін тонап кеткен болатын.
Таяуда ERNUR.KZ редакциясына тағы бір оқырман осыған ұқсас жағдайды айтып, хабарласты. Немере інісі алаяқ қыздың арбауына түсіп, жиған-тергенінен айырылған. Ол аздай несиеге белшеден батқан көрінеді. Көрген-білгенін өзін Манзура деп таныстырған әйел тілшімізге әңгімелеп берді.
«Бұл оқиғаның қайда болғанын, кімдер екені құпия болып қалсын. Ел-жұртқа таба болып қалмайық. Бірақ айтпасам ішім толып кетті. Құдай-ай, заман өзгерді ме, адамдар азғындап кетті ме, қазір обал, ұят деген нәрсені ұмытқан. Негізі жігіттердің «қыз жоқ қой» деп жылайтынындай бар екен. Алдап, арбап, уысына түсіріп болғасын сүлікше сорып, соңынан тастап кететін алаяқ қыздар көбейіп кетіпті. Сондайлардың бірі жақында інімнің өмірін талқандап, тайып тұрды.
Інімнің өзі жуас жігіт, ауылдан ұзап шықпаған, шаруаға икемді, көбінше мал асырап, семіртіп, соны сойып сатумен айналысады. Жағдайы жақсы, малды жігіт, ақшасы да, астында көлігі де бар. Бірақ отызға таяғанша қыздарға сөз айта алмай біраз жүріп қалды. «Үйленсейші» деп айта-айта өзіміз де ұялып кеттік. Басқаларды қайдам, өзім жұмыстағы бір-екі қызды, ауылдағы көршімнің қыздарын көрсеттім. «Ұнамайды, ананың бойы кішкентай, мынаның аяғы қисық» деп жақтырмады. Сосын «онда бір бұйырғаны тұрған шығар, өзің көре ғой» деп араласпадым. Шындығына келгенде қазір біреуге күйеу, әйел тауып беру де оңай емес. Ажырасып кетсе бірінші сөз өзіңе тиеді.
Не керек, сол інім ерте көктемде үйленетін болды. Ағам инвалид, екінші топ мүгедегі. Жеңгем де жуас жан, балаларының келіншек әкелетінін естігенде естері шыға қуанды. «Кім екен, қай ауылдың қызы, әке-шешесімен кездесіп, таныстыңыздар ма?» деп сұрадым. «Таныспадық, әке-шешеден ерте айырылған жетім қыз екен. Жалғыз ағасы бар екен, ол да Алматыда тұратын көрінеді. «Өзің ұнатсаң болды, шыға бер. Біз тойыңа бір-ақ барамыз» деп рұқсатын беріпті. Қыздың қалыңмалын телефонмен ағасына аударып жібере салатын болдық. Қасына екі құрбысы еріп келеді, олардың енді жарасы жеңіл. Бір жақсы болды, хабаршы жіберіп, қуғыншы күтіп әуре болмаймыз» деп жеңгем бәрімізге жағдайды ашық айтып берді.
Ініміз ол қызбен «Инстаграм» арқылы танысыпты. Інімнің суретін көріп, өзі бірінші хат жазған. Сосын екеуі қалада кездескен. Бас-аяғы екі айдың ішінде інімнің басы кетіп, «сол қызды ұнаттым, соған ғана үйленем» деп тұрып алған. Аты Әлия, медициналық колледжде оқыған, қазір жекеменшік ине егу кабинетінде жұмыс істейді деп естідік. «Е, мейлі, үй болып кетсеңдер бопты, оқыған қыз екен, қайта ағамызға дәрісін беріп, уколын салып қарасады» деп қуанғанбыз.
Межелі күн келгенде інім Әлия келінді сән-салтанатымен, сыныптастарымен барып үйге алып келді. Жанында бір құрбысы ғана бар. Онысы таң атпай жатып қайтып кетті. Келін қалды. Ағам мен жеңгем мәз, ертеңіне ауыл тойын жасап, бетін ашты. Сөйтіп келіннің ағасына «Бір жарым миллион ақша аударып жіберді. «Ойбай, көп қой, миллион да жетер еді ғой» деп едім, аңқылдаған жеңешем «Ризамын, қайта қуғыншы, өлі-тірі дегендерді бермедік. Менің оқымаған балама оқыған қыз тиіп отыр. Ағасы да қайбір жетісіп жүр дейсің, берсем ертең қарындасына тірлігін үйіп-төгіп әкеледі ғой» деді.
Екі айдан соң екі жастың үйлену тойын істедік. Құдалығын қоса шақырамыз деп ойлағанбыз, бірақ келіннің ағасы «Біз әлі дайын емеспіз, тек тойына барып қайта берейік, құдалықты асықпай, күзге таман шақыра берсін» деп сәлемдеме айтыпты. Оған да көндік біз. Дүркіретіп ауылдың тойханасында тойын істедік. Келіннің төркін жағынан аға-жеңгесі, бөлесі, жұмысында бірге істеген қыздары болып үш қыз келді. Аға-жеңгем олардың бәріне алтын тақты. Ағасына құндыз бөрік, қымбат жағалы күртеше кигізді. Қайсыбірін тізейін, бір сөзбен айтқанда менің бауырларым «жыртылды».
Сол келін жақында ізім-қайым жоғалып кетті деп естідік. Естіген бойда төркінге жетіп бардық. «Қайда кетті? Не болды, ұрысып қалдыңдар ма?» деп сұраймыз ғой енді. «Ондай ештеңе болған жоқ» деді жеңгем. Жаңа түскен келін «ағам көлік апатына түсіп қалды, дереу Алматыға барып, көңілін сұрап келмесем болмайды» депті. Сөйтіп күйеуінен 200 мыңдай ақша алған. Оны інім байғұс теміржол вокзалына әкеп, қимай-қимай шығарып салған. Ертеңіне «Ағама шұғыл ота жасау керек екен, ақша жетпей жатыр, 1 миллиондай керек боп тұр. Саған сосын бөліп-бөліп қайтарады ғой, тауып бере аласың ба?» деп күйеуіне хабарласыпты. Інімнің нақты ақшасы жоқ болғасын телефонмен несие рәсімдеп, дереу әйеліне аударып жіберген. «Ақша түсті, ертең отаға кіреді. Рахмет» деген жас келін содан кейін телефонын өшіріп тастаған.
«Өзіне бірдеңе болып қалды ма?» деп қатты уайымдадық. Қуаныштан шапқылап жүріп ағасының да нөмірін алмаған екем, қалыңмал аударған кездегі нөмір сақталыпты, оған звондап едім, «Мен Ғазиз емеспін. Сол кезде біреу әшейін «сіздің картаңызға ақша аударып алсам бола ма» деп өтінген еді. Ол адамды мүлдем танымаймын» деді. Қысқасы, сан соғып қалғанымызды кеш білдік» деп жеңгем жылап қалды. Ал ағамның қан қысымы қайта-қайта көтеріліп, ауруханаға жатқызылыпты.
Содан мен дереу таныстарды араға салып жүріп ініме арыз жаздырдым. Тойдағы, беташардағы видеоларды дәлел ретінде тіркедік. Полицейлер алаяқ келінді әлі іздестіріп жатыр. Жердің астына түсіп кеткендей, бір дерегі шықпады. Інім де жуастың жуасы екен, әйелінің жеке куәлігін де қарамаған ғой. Шын аты Әлия ма, басқа ма, оны да білмей отыр. «Бүгін менің туған күнім» десе аңқылдап несиеге «Айфон» әперіпті. Бас-аяғы тойдың шығынындарын қосқанда 4 миллиондай ақшаны жымқырып отыр.
Қазір ел ішінде осылай алдап-соғып, аңқау жігіттерді тақырға отырғызып кететін қыздар көбейіп кетіпті. Біздің жағдайдан кейін осыған ұқсас тағы бір-екі оқиғаны естідім. Сондықтан жұртшылықты сақтандыру үшін айтып отырмын. Жігіттер жағы кімге үйленіп жатқанын, ата-тегін, шыққан жерін жақсылап тексеріп алсыншы. Алдап кету де, алданып қалу да оп-оңай болып қалды».