Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі NVIDIA, Google, Astana Hub, EduSystem, Huawei және Coursera сынды жетекші халықаралық компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатқан.
ERNUR.KZ. Олардың әрқайсысымен жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық білім беру салаларындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Coursera компаниясымен соңғы үш жылдағы бірлескен жұмыс аясында 197 мың студент оқытудан өтіп, 388 мың сертификатқа ие болды. Платформада жасанды интеллект бойынша 225 курс қолжетімді. ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.
Ал, AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 72 406 сертификат алып, бұл олардың цифрлық және жасанды интеллект бағыттарына жоғары қызығушылығын көрсетеді.
«Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жетекші университеттердің базасында ғылым мен практиканы ұштастыратын жасанды интеллект бойынша арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды. Бүгінде жасанды интеллект орталықтары Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Астана IT университетінде, Қазақ ұлттық университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде, Сүлейман Демирель университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде, Әлихан Бөкейхан университетінде және басқа жоғары оқу орындарында табысты жұмыс істеп тұр», – деді вице-министр.
Сонымен қатар жасанды интеллект бойынша арнайы кафедралар Қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінде және Астана IT университетінде ашылды. Одан бөлек, бірқатар ғылыми зертханалар жұмыс істейді. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты 2024 жылда бөлек ғылыми-зерттеу институты болып заңды тұлға ретінде қайта ұйымдастырылды.
Сондай-ақ еліміздегі Қазақ ұлттық университеті, Еуразиялық ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Назарбаев Университеті сияқты жоғары оқу орындарының базасында суперкомпьютерлердің академиялық кластері қалыптасуда. Алдағы уақытта бұл қуаттарды бірыңғай желіге біріктіріп, елдің барлық өңірдегі жоғары оқу орындарының қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Бұл Қазақстанға академиялық есептеулер және халықаралық әріптестермен бірлескен зерттеулер бойынша өңірлік көшбасшылар қатарына кіруге мүмкіндік береді.