«Бір баласы бар жесір келіншек. Қазір күйеуімнен аяғы ауыр»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Сырт көзге бақыттымын. Күйеуім күнде болмаса да аптасына гүл береді, онымды қуанып «Инстаграмға» салып қоям. Бірақ ішім әлем-жәлем, көңілім тыныш емес. Толып жатқан құпия-сырымды ақтаратын жан жоқ», - дейді Айсана есімді әйел.
Күйеуінің сатқындығына шыдап жүрген оқырманымыз жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Күйеуім екеуміз мектеп кезден біргеміз. Ол менен екі сынып жоғары оқыды. Бозбала шақтан артымнан жүгіріп, өлердей ғашық боп, үйімнің алдын торуылдап жүріп сертімді алған. Мектеп бітіре сала ауылға келін боп түстім. Бақытжан сыныптастарының ішінен ең бірінші боп үйленген. Мен де құрбыларымнан бірінші боп тұрмысқа шықтым. Үлкеніміз биыл университет бітірейін деп отыр.
Күйеуім оқымаған. Мектепті бітіре сала үйленді де, құрылыс саласына жұмысқа тұрды. Ашшылықты да, жоқшылықты да бастан кешірдік. Жатақханада тұрдық, одан сәл жағдайымыз түзеле бастағанда пәтер жалдадық. Сегіз жыл дегенде бір бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, қуаныштан жылап жібергенбіз. Әрдайым күйеуімді қолдап, қуаттап, «сенің қолыңнан бәрі келеді» деп арқасынан қағып, демеп жүріп кәсіпкер еттім. Қазір білдей бір құрылыс компаниясын басқарып отыр. Үш қабатты зәулім үй салып берді.
Ал мен бес баланың тәрбиесімен үйде отырып қалдым. Жағдайымыз жақсы кезде базарда сауда істегем. Кейін күйеуім шығармай қойды. «Маған сенің денсаулығың керек, балаларға дұрыс тәрбие бер» деп өтінді. Содан бері үйдемін, балаларымның жекеменшік шопырымын, анда-мұнда тасып, үйдің шаруасын күйттеп жүрген жайым бар.
Күйеуімнің біз дегенде шығарға жаны бөлек. «Жаным» деп жалпылдап тұрады. Еркелетіп отырады. Үйде жүрсе өз қолымен тамақ пісіріп, шаруаға көмектесіп тұрады. Түнгі тірлігіне де тап-тұйнақтай. Уақтылы міндетін өтеп тұрады. Бірақ... Төрт жылдан бері бір әйелмен кездесіп жүргенін білемін. Тіпті ол әйелдің кім екенін де көрдім. Бір баласы бар жесір келіншек. Қазір күйеуімнен аяғы ауыр. Сөйте тұра үндемей, бәріне көніп, шыдап жүрмін.
Күйеуімнің көңілдесі жан жолдасының балдызы. Досымыздың тойында, қуанышында бір дастарханда отырамыз. Дым білмегендей қутыңдап, күйеуімді көзімен ішіп-жеп қарап, әзілімен қағытып қояды. Оны көргенде жын тиген адамдай ақымды кімнен аларымды білмей аласұрып кетем.
Бір-екі мәрте жеке шығарып алып сөйлескім келген. Бірақ батылым жетпеді. Алдында кішірейгім келмеді. Күйеуіме де оның оңды-солды жүрістері туралы білетінімді айтып тастағым келеді, бірақ ұрыс шықпасын, берекемізді қашырмайын деп үндемей жүрмін. Балаларымыз өсіп келе жатқан кезде әкелерінің мұндай қылығын біліп қалса қалай болар екен деген ой мазалайды.
Жұмыстан кешіксе, сол қызбен бірге екенін біліп отырамын. «Инстаграм» парақшасына фейк парақшамен тіркеліп алғам, ұялмай-қызармай қыдырғанын, ішкен-жегенін, менің күйеуімнің сыйлаған сыйлықтарын салып, мақтанып отырады. Мен де одан қалмайын деп күйеуіммен шетелге қыдырғанымды, әкелген гүлдерін, берген алтын, бриллианттарын мақтанып, жариялап қоям. Бірақ іштегі күйік, қызғанышты ештеңе басатын емес.
Күйеуімнің қызғануға себеп бермейтінін айтам да, білдірмейді ғой ештеңені. Өзге еркектер сияқты ішіп келіп қырғын шығарса, үйге қонбай, апталап жоқ боп кетсе, төсекте тоң-теріс жатып қалса, бір ұрысты шығаруға себеп табылар еді. Ал мынандай жағдайды жасап отырған адамға «сен менің көзіме шөп салып жүрсің» деп айтудың өзі ұят екен. Қысқасы, не істерімді білмей, басым қатып отыр.
Кейде ерегіскенде мен де біреумен көңіл көтеріп, біреуді ұстап алсам ба деген арам ой келеді. Бірақ арымнан аттай алмаймын. Бала-шағам біліп қойса масқара ғой. Ал күйеуімнің соны ойламайтыны өкінішті. Некесіз баласын ертең бізге қалай таныстырар екен, қай бетімен ұл-қыздарының бетіне қарайды, түсінбеймін.
Күйеуің адал болмаса, жүректен тыныштық кетсе байлығың да, басқаң да қызық емес екен. Қара нан мен су ішкен, бірақ бақытты болған кездерімді сағынам...»