"Әйелім тағы да бала туғысы келеді, ал мен қарсымын"

0
969

"Алдыңғы екі баламызға қатырып қарамайды ғой"


Сурет: pinterest.com

"Әйелім «Бір қыз туып алғым келіп жүр» дейді. Әрине, өмірімізге тәтті де ерке ханшайым келгенін мен де қалаймын. Бірақ қарсылығым да жоқ емес. Себеп әйелімнің өзінде" деген оқырман қарсылығының себебін былай түсіндірді ERNUR.KZ порталы тілшісіне.


"Біз қазір екі бөлек тұрамыз. Ажыраспағанбыз, тек шаңырағымыз бөлек. Мұның да негізгі себепкері – әйелім.

Қыз-жігіт боп жүргенде сыр алдырмай, үйленгеннен кейін қылық шығара бастады. Айтқанымды тыңдамай, барма деген жерге кетіп қалады. Болмайтынға бұртиып, өкпелеп, сөзге келіп қала береміз. Онысын ата-анам еркелігі ғой, жастығы ғой деп ақтады. «Түсіністікпен қара, бір-екі бала туғасын өзі-ақ басылады» деді.

Бірақ олар айтқандай болмады. Қайта бірінен кейін бірі екі бала туғасын оғаш қылығы мен орынсыз сөйлеуі үдемесе, басылған жоқ. Есеюдің орнына, керісінше, кішкентай бала сияқты болып барады. Енді тіпті «Екі бала туып бердім» деп міндетсінетінді шығарды. Кей тірліктері мен сөздері намысыма тиіп, кәдімгідей шатырымды тайдыратын.

Күнде мамамды жамандап, «өйтті-бүйтті» деп жылайды. «Бөлек тұрайық. Әйтпесе, ажырасамын, балаларды алып кетем» деп қорқытады. Әке-шешем де, өзім де қатты балажанбыз. Өзіміз түгілі танымайтын біреудің баласына да елжіреп тұрамыз. Сонымызды пайдаланғысы келгені шығар.

Ақылға шақырып, барынша сөйлесіп те, тәрбиелеу мақсатында әр түрлі амалға салып та көрдік. Бірақ қайдан? Ақыр соңында «Тыныштық керек, өз-өздеріңмен болыңдар, айырылмаңдар» деп әке-шешем рұқсат берді. Пәтер жалдап бөлек шықтық. Келіншегім жұмысқа тұрды.

Енді екі күннің бірінде әке-шешеме «Сіздерге жақын ғой, бақшадан ала салыңызшы. Таңертең сол жақтан бара салсын, біз жұмысқа кешігеміз» деп өтініш айтатынды шығарды. Сөйтіп жүріп, балалар үйге келмей, ата-әжесінің қасында жүре беретін болды. Бізді іздемейді де. Енді ше, ата-апасы барын аузына тосып отыр, еркелетеді, жақсы көреді. «Қойшы, барсақ, мамам ұрса береді» деп өздері-ақ келгісі келмейді.

Қанша дегенмен, балаға керек киім-кешек, заттары болады, соларды апарып беру керек болады. Одан қалса, шомылдыру, тырнақтарын алу, киімдерін жуу сияқты шаруаның бәрін шешемнің мойнына артып қойғым келмейді. Келіншегіме жүр десем, «Бармаймын, балалар үйге келсін» деп, ол баспайды. Айта-айта жақ талғасын, жұмыстан кейін сол жаққа тіке тартып кете беретін болдым. Тіпті бірінші сыныпқа баратын кезде де құжаттарын, киім-кешегін – бәрін өзіміз дайындадық. Келіншегім «Қолым тимейді, өздерің біліңдер» деп жұмысын сылтауратып, мүлде басын қатырған жоқ.

Қазір екі баламыз да, мен де біржолата үлкен үйдеміз. Әйеліме мүлде керек емес сияқтымыз. Осы үшін талай ұрыстық. Түсіндіріп сөйлесіп те көрдім. «Неге бүйтесің?» деп сұрап, ішкі ойын, сырын, шерін тыңдайын, түсінейін деп те тырыстым. «Шешеңмен тұрғым келмейді. Балалар барып-келіп жүре берсін» дейді.

«Балалар мұнда келгісі келмейді. Мен де аптаның екі күні осында болсам, бес күні сондамын. Өйткені балаларды сағынамын. Олардың тамағы, киімі бар, жауапкершілігіміз бар, бәрін кәрі шешеме артып қоя салғым келмейді. Денсаулығы да мәз емес, білесің» деп түсіндіруге тырыстым. «Жарайды, өздеріңе ұнаса қарсы емеспін, тұра беріңдер сол үйде. Мен бір өзім тұра беремін. Айлығым пәтерақы мен өзіме жетсе болды» дейді. Ашуға салып, қатты кетейін десем «Не істейсің? Сүйреп апарасың ба? Қинап, қамап ұстайсың ба? Барғым келмейді, бармаймын!» деп ол да ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Сөйтіп, қазір екі бөлек тұрып жатырмыз. Әйеліммен жай ғана туысқан сияқты, анда санда балаларды алып қыдырып барып-келеміз. Оның өзінде ата-апасы сияқты асты-үстіне түсіп бәйек боп, бетінен сүйіп жатқан ол жоқ.

Бір-екі досым «Бір өзі не істеп жүргенін қайдан білесің? Есі дұрыс, бала, бай, отбасы керек әйел сөйте ме? Айтқанға көнбесе, ажыраса салмайсың ба?» деп ақыл берді. Одан не пайда? Ажырасқанмен, басқаға үйленейін деп тұрған мен жоқ.

Мұндай өмірге үйреніп те қалдым. Тек ойландырып жүрген бір нәрсе — әйелім «Бір қыз туып алғым келеді» дейді. Ал мен қарсымын. Оны да сәл өскесін балабақшаға жіберіп, одан ары ата-апасының мойнына артып қойса ше? Өз баласын бауырына басып, мейірімін төкпесе, ыстығына күйіп, суығына тоңбаса, жағдайын жасамаса, несіне бала туғысы келеді? Ойыншық па ол?"