​«Әйелімнің қыдыруына рұқсат бердім»: шымкенттік азамат танысының тағдырын баяндап берді

0
13 249

«Бейтаныс қыздың көз-жасынан болды»


​«Әйелімнің қыдыруына рұқсат бердім»: шымкенттік азамат танысының тағдырын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Білесіздер ме, белсіз еркек көбейіп кеткен сияқты. Әлде тек менің айналамда ғана сондай проблема бар ма. Әйтеуір туыстардың арасынан да, таныстардың арасынан да «күйеуі белсіз екен», «он жылдан бері балалы бола алмай жүр», «ЭКО жасатыпты» деген әңгімені жиі естимін», - дейді Марат есімді азамат.


Оқырманымыз жақында кездейсоқ өзімен қатарлас азаматпен танысып қалыпты. Он бір жылдан бері бала сүйе алмай жүрген еркек өз басындағы проблемасын Маратқа айтып берген. Оқиғаның жай жапсарын оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Бақытты отбасы болу, бала сүйіп, ұрпақ жалғастыру менің де арманым еді. Бірақ амал қанша, оған қол жеткізе алмадым» деді моншада танысқан жігіт ағасы. Түрінен, әңгімесінен аңғарсам, әжептеуір қызметте істейтін сияқты. Бірақ ішінде бір өкініш бар. Моншаға жалғыз барғандықтан екеуміздің әңгімеміз жарасып, арасында сыралатып, біраз отырдық. Машинаны айттық, бизнесті айттық, ақырында әңгіме денсаулыққа келіп тірелді.


«Міне, үйленгеніме он бір жыл болды. Бірақ бір шыр еткен көре алмадық. Басында мәселенің бәріне әйелімді кінәлайтынмын. Ол байғұс табанынан тозып, дәрігерлерге көрініп, біраз ақшаның басына су құйды. Кейін үндемейтін болдым. Себебі кінә өзімде сияқты. Өйткені үш-төрт жылда төсектегі қуатымнан айырыла бастадым. Бұрынғыдай емеспін, әйелімді дұрыс қанағаттандыра алмаймын. Ол жеген тамағымнан немесе суықтан емес, мәселе басқада ма деймін.


Отызға келгенше үйленуді ойламадым. Бизнесім бар, күнделікті табыс түсіп тұр, көлікті нәскише ауыстырып, жастықтың желімен армансыз қыдырдым. Ақшасы көп жігіттің достары да көп болады екен. Аптасына екі мәрте түнгі клуб, сауналарды жағалап, қыз-қырқынды көкпарша өңгеріп кететінбіз. Олар қандай қыздар, жезөкше ме, таза ма, сау ма, онысына бас қатырып жатпадық.


Сол жезөкшелермен сауық құрып жүріп екі рет ауырғаным бар. Жастықтың желігімен дұрыстап емделмедім бе, әлде оны ара-тұра қайталап, емдеп тұру керек пе еді. Содан көріп жатырмын. Бала жоқ, бала түгілі әйелімді разы ете алмаймын. Бармаған уролог, ішпеген дәрі қалмады. Ақырында досымның айтуымен тәуіптің де алдын көрдік. «Қыздардың наласына қалғансың ғой» деп қысқа қайырды. «Көбірек қайырымдылық жаса, тәубеңе кел, арақ-шараптан аулақ жүр» деп қайтарды. Қайырымдылықты жасаудай-ақ жасап жатырмыз, бірақ анда-санда ұрттап қоятынымыз бар енді. Уақыт өте келе қоятын шығармыз мұны да.


Бір риза болғаным, тәуіп менің «диагнозымды» дәл тапты ғой. Баяғыда бойдақ кезімде «пәк қызбен жатқым келеді» деп тапсырыс бергем. Үріп ауызға салғандай бір сұлуды әкеп берді. «Аға, менің анамның дәрі-дәрмегіне ақша қажет боп, осы жолға амалсыздан келіп отырмын. Сіз маған ақшалай көмектесе аласыз ба, қарызыңызды сосын қайтарам» деп жылап қалып еді. Жас кезде ондайдың байыбына барасың ба, «ақшаңды төлеп қойғам, қызметіңді көрсет» деп күштеп төсекке сүйреп едім. Сол қыздың наласы ұрды-ау...»


Замандастың әңгімесі мені одан сайын еліктіре түсті. «Әйеліңнен обал емес пе, басын босатпайсың ба?» деп сұрадым.


«Әйелім екеуміз үнсіз сырласамыз. Бір жыл болды көршілерше өмір сүріп жатырмыз. Менен ештеңе шықпайтынын білген соң баяғыдай мойныма асылмайтын болған. Оны да түсінем, не бала жоқ, не төсекте қызық жоқ, жерімегенде қайтсін? Әйтеуір көңіліне тимегем, сұраған затын әперем, соныма айтқан алғысы ма, әлде сыйлағаны ма, «кетем» деп айтқан емес.


Осы бір жыл болды, жұмысынан кеш қайтады. «Подружкамның баласының туған күні», «Пәленшенің үйінде гәп», «Түгеншемен кездесу» деген сылтауды көп айтатын болды. Не істейм оған, мейлі, қыдырсын, жас кезде жүрсін. Бәлкім бір көңілдесі де бар шығар. Оған да іштей көнгем. Маған қарап қашанғы жас өмірін өксітеді? Әйтеуір баратын жеріме әйелім боп қасымда қарайып жүргенінің өзі жұбаныш. Әйтпесе соқа басым сопайып қалам ғой» деді моншаласым.


Көзтаныс азаматтың басындағы жағдайды айта отырып қазіргі жас жігіттерге кеңес берсем деймін. Қыдырмаңдар, жүрмеңдер демеймін, жас кезде ойнау керек, күлу керек. Бірақ барлық нәрсенің шегі болады. Белге сақ болу керек. Қызбен жатудың жөні осы екен деп кім көрінгенді төсекке сүйрей беруге болмайды. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ұмытпайық».