​«Әкем мені өз пайдасы үшін іздепті»: алматылық келіншек жаға ұстатарлық оқиғаны айтты

0
2 478

Бекзада "ажырасқан әйелдер бұл қателікті жібермесе екен" дейді. Ол қандай қателік?


​«Әкем мені өз пайдасы үшін іздепті»: алматылық келіншек жаға ұстатарлық оқиғаны айтты

Ажырасқан әйелдердің көбісі перзентіне әкесінің жамандығын айтып отырса, кейбірі тастап кеткен адамды мақтайды. Мақтауға лайықты болса, мақтасын, бірақ әкенің жаман мінезі мен ісін де жасырмай айтқан дұрыс. Келісесіз бе?


Алматылық Бекзада «Баланы алдауға болмайды, шындықты айтқан жөн» дейді. Өйткені Бекзада туған әкесінің құрбаны бола жаздаған.


Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді. Бекзада былай дейді:

«Әкем мен шешем бала кезімде ажырасқан. Қыз бала болғандықтан шығар, мен әкемді онша іздей қоймадым. Қасымда анам болса, маған басқа ешкім керек те емес еді. Тіпті мен отбасында анадан бөлек әке де болатынын білмегенмін.

6-сыныпта оқып жүрген кезімде «Менің әкем» деген тақырыпта шығарма жаздық. Сол күні мен сабақта апайымнан «Әке деген кім өзі? Ол қандай болады?» деп сұрағаным әлі есімде. Кез келген сұраққа жауап табатын апайым тосырқап қалған еді. Қоңырау соғылды. «Шығарманы үйде аяқтап келесіңдер» деп, менің сұрағымды жауапсыз қалдырған. Алайда анам сұрағымнан жалтара алмады.

Кешкі ас үстінде қойған сұрағыма нағашы әжем шашалып қала жаздады. Ал анам жөткерініп алды да «Сенің әкең – өмірдегі ең жақсы адам» деп бастады. Анам әкемді әбден мақтады. «Жақсы болса неге бізбен бірге тұрмайды? Ол қайда жүр?» дегенімде, әжем «Ол әке деген атқа лайықты емес. Оның басқа әйелі және балалары бар. Менің қызымды тастап кеткені үшін емес, өз қызының алдындағы әкелік парызын ұмытқаны үшін мен оны адам қатарына қоса алмаймын» деп қойып қалды. Түсінсем бұйырмасын. Әжем әкемді даттаса, анам жақтап, екеуі бір-бірімен ұрыса жөнелді.

Сол күннен кейін әкем туралы көп сұрайтын болдым. Әдеттегінше, әжемнен «Әкенің жақындығы жездедей-ақ. Анаңнан артық ешкім жоқ» дегенді айтса, анам керісінше әкемді мақтайды. Соңы тағы да анам мен әжемнің ұрысуымен аяқталады.

9-сыныпқа дейін нағашы әжем мен анамның әкем туралы екі түрлі пікірі мені әбден шатастырды. Әжемнің анама «Жаман адамды мақтап қайтесің? Жүрегінде тамшыдай иманы болса, осы уақытқа дейін бір рет болса да іздеп келер еді» деп, талай рет ұрысқаны есімде жатталып қалған. Дәл сол сияқты анамның «Түрлі жағдайға байланысты аналар мен әкелер бір-бірін жаман көріп кетуі мүмкін, бірақ олар ешқашан перзентін жаман көрмейді. Әкең сені жақсы көреді» деген сөзі құлағымда жаңғырып тұратын.

Фото: s2.best-wallpaper.net


Бірі – өз анамның сөзі, екіншісі – анамның анасының сөзі. Мұндайда кімге сенуге болады? Әрине кімге болса да өз анасының сөзі – Құрандай емес пе?! Қай перзент болса да өз анасы өтірік сөйлейді деп еш ойламайды. Мен анамның сөзіне сендім.


Сондықтан да әкемді мүлде көрмесем де мен оны жақсы көрдім. Онымен кездесуді, сөйлесуді армандадым. Жоғары сыныпта оқып жүрген жасымнан бастап әкемнің суретін жастығымның астына қойып ұйықтайтын болдым. Анам мақтаған сайын әкемнің суреттегі бейнесі биіктеп, асқар таудай боп көрінетін.

Бірақ нағашы әжем өле-өлгенше әкемнің биік бейнесін аласартуға тырысты. Оның айтуынша, әкем жұмысын қалаға ауыстырғаннан кейін көп ұзамай бізді өзімен алып кететін болған. Бірақ алты айдан соң өзінен төрт жас үлкен бір әйелдің үйіне кіріп алыпты-мыс. Анаммен ажырасқан. Әкем алимент төлеуден қашу үшін менен біржолата бас тартқан екен.

Әжем әкем туралы осындай жаман сөздерді айтса да мен сенбедім. Керісінше, әкемді жамандағаны үшін әжемді жек көре бастадым.

Мен бірінші курсты аяқтаған жылы нағашы әжем жүрек дертінен қайтыс болды. Әкемді әжемнің жылдық асында көрдім. Алғашқы кездесу қиялымдағыдай болмады. Бөтен адам сияқты амандасты. Құшақтап бауырына басқан жоқ. Асығып кетіп қалды. Содан соң диплом алатын жылы бір-ақ көрдім. Ол кезде өзі арнайы іздеп келген болатын.

Бұл уақытта маған ес кірді ме, әлде алғашқы кездесуде мен одан жылулық көрмеген соң көңілім суып кетті ме екен, бұрынғыдай алып-ұшпадым. Ал әкем бауырына қысып, шашымнан иіскеп, әкелік мейірімін төгіп жатты.

Анама да, маған да қорап-қорап сыйлықтар алып келіпті. Бұл жолы ол кетуге асықпады. Менің жеке өміріме қызығушылық танытып, мен туралы бәрін-бәрін сұрады. Өзі жайында да әңгімеледі.

Әкемнің үш ұлы бар екен. Иә, менің үш інім бар. Бірі студент, екеуі оқушы. Әкем менің қалада інілеріммен бірге тұрғанымды қалайтынын айтты. Бірақ анам қарсы болды.

Екі-үш күннен соң әкем тағы да келді. «Қызымыз кәмелеттік жастан асқан. Кіммен тұратынын өзі шешсін. Қызымның ауылда қалғанын қаламаймын. Қалада өмір бар, ал ауылда жай күн көру ғана ғой. Сен қызыңның өзің сияқты қиналғанын қалайсың ба?» деп, анаммен ұзақ айтысты. Анығы, олар маған кәдімгідей таласты.


Фото: static.asiachan.com

Соңында таңдауды өзіме қалдырды. Шынымды айтсам, мен анама не әкеме емес, қала мен ауылға таңдау жасадым.


Әкем айтпақшы, расында да қалада жұмыс та, жақсы жігіт те көп. Ал ауылда таңдау аз. Оның үстіне төрт жыл студенттік өмірім қалада өткен, құрбыларымның көбісі қалада жұмысқа орналасып та үлгерген. Әкем болса өзі жұмысқа тұрғызатынын айтып отыр.

Әкеммен еріп кеткенімде анам жылап қалды. Сол уақытқа дейін әкемді әбден мақтап келген анамның «Бір рет те сені іздемеген адам менен жақсы болды ма? 21 жыл бойы ұйықтап жатқан әкелік махаббатының енді ояна қалғаны күлкілі» дегенін түсіне алмадым. Кішкентайымнан санама «Әкең жақсы адам. Сені жақсы көреді» деп сіңірген өзі емес пе еді. Соншама жыл санама қашалып жазылып қалған сөзді бір күнде анам өшіре алмады. Бұған дейін мақтап, мадақтап келген анамның сөзі де, өзі де өзгергенін түсіне алмадым. «Мама, мен басқаша өмір сүргім келеді» дегенімді ол да түсінбеді.

Бір сөмке киіміммен қалаға келдім. Әкемнің екінші әйелі жылы қарсы алды, асты-үстіме түсіп бәйек. Бірақ ұлдары ұната қоймады. Қойшы бәрін, бастысы әкем мен оның әйелі мені қоштап, сыйлап отыр. «Әпкеңе сүлгі бер», «Әпкең тынығып демалсын, шуламаңдар», «Әпкеңнің бөлмесіне рұқсатсыз кірме» дегенде, өзімді ханшайымдай сезіндім.

Арада бір апта өткен соң әкем «Тым жүдеусің ғой. Еш жерің ауырып жүрген жоқ па?», - деп дәрігерге ертіп барғанда, менің денсаулығыма алаңдағаны үшін тіпті көзіме жас келді. Көп дәрігердің тексеруінен өттім, қан тапсырдым. Ал үйге келгенде әкемнің әйелі жеміс-жидектердің түр-түрін алдыма тосты. Қызы жоқ болған соң мені жақсы көреді деп ойлағанмын. Ініммен айтпағанда, мен әкемнің жоспарының құрбаны болар ме едім...

Бір айдан соң үйде ең кішкентай інім екеуміз ғана отырғанбыз. Үш күн бұрын екеуміз ұрысып қалғанда әкем менің сөзімді сөйлеп, ұлын жазалаған болатын. Содан бері мені жек көріп жүрген інім «Сені әкем жақсы көрмейді. Оған сен емес, сенің бауырың керек» деп кіжінді. Інім «Әкемнің аз өмірі қалды. Сен бауырыңның жартысын берсең ол аман қалады, ал сен өлесің» деп сөзін жалғады.

Фото: img1.goodfon.ru


Студент кезімде донорлық, транплантация туралы естігенім бар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», інім бұл сөзді естімесе ойдан құрап айтатындай жаста емес. Бойымды қорқыныш биледі. Әкем келмей тұрғанда кетуге жиналдым.


Ауылға жеткенше, мың өліп мың тірілген шығармын. Әкем соңымнан қуып жетіп алатындай қорықтым. Үйге жеткенше көзімнің жасын тоқтата алмадым.

Анамды құшақтап ұзақ жыладым. Ертеңіне әкем үйге өзі келіп айтпағанда, анам маған сенбейтін еді. Әкем Қазақстанда бауыр жетіспеушілігімен кезекте тұрған науқастар қатарында екенін айтты. Ұзақ жыл донор іздепті, табылмапты. Қазір бауырдың жұмысын белгілі бір мерзімге дейін созатын дәрі-дәрмектің күшімен ғана жүрген көрінеді. Әкем маған да, анама да «Маған бауырдың азғантай бөлігі болса жетеді, ары қарай бауыр жасушалары өзі өсіп дамиды. Оның ешқандай қаупі жоқ» деп түсіндірді. Әкеме жаным ашып, қауіпсіз болса бауырымның бір бюөлігін бермек боп ойландым. Бірақ анам қарсы боп отырып алды. «Заң жүзінде сен қызыңнан бас тартқансың. Сен оған ешкім емессің. Тағы да үйге келетін болсаң, қызыма жақындасаң, полицияға шағымданамын» деді ашуланып. Сонда әкем жалынып көндіруге тырысты. «Үш ұлың ше?» деген анамның сұрағына кібіртіктеп қалған әкем қолын бір сілтеді де кетіп қалды.

Одан кейінгі қорқынышымды айтып жеткізе алмаймын. Әкем мені қинап алып кететіндей, көлеңкемнен де қорқатын болдым. Қорыққанымнан жылап шығатын түндерім де көп болды. Бірақ әкем сол кеткеннен келмеді. Бірер айдан соң оның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті.

Кейде әкемнің өліміне өзімді кінәлі сезінем. Ал анам кішкентайымнан «Әкең жақсы адам» деп алдағаны үшін өзін жазғырады.

Мүмкін донор болғаннан маған соншалықты зиян тимес пе еді, кім білсін?! Алайда әкемнің мені қызы ретінде емес, тек донор ретінде іздегені жаныма батады. 13 жыл бұрын болған сол бір оқиғаны әлі ұмыта алмай жүрмін. Анам әкемді мақтай бермегенде, мен оған жоламақ түгілі үйіне де бармас едім ғой. Сонда жаным осыншалықты жараланбас еді. Түсінгенім, ұзақ жылдан соң іздеп келген адамға сенбеу керек екен. Ондай адамның сөзі де, сезімі де бәрі-бәрі өтірік...»


Бекзада анасының қателігін басқаларға сабақ еткісі келеді. Ал сіз анаңыздың қай қателігін өзгелер сабақ алса екен дейсіз?


Ұқсас оқиғалар:


«Менен емес!»: Бала сүйе алмаған келіншек күйеуін дәрігерге апара алмай жүр


«6 ай бойы АЛАЯҚқа жем болыппын»: шымкенттік келіншек қалай алданғанын айтып берді