"Әкем "Сендерді жек көрем" деп бетімізге айтып отырады": бойжеткен бала күнінен көріп келе жатқанын жайып салды

0
374

"Бірінші әйелінен туған 2 баласын өлердей жақсы көреді"​


Сурет: img.freepik.com

"Айтпағым - әкем жайлы. Бастапқыда әкеміздің бізге деген қарым-қатынасын көріп өскесін «әкелердің барлығы осындай болады» деп ойлайтынмын" - жас қыз ERNUR.KZ порталына ең ауыр мұңын бөлісіп хат жолдады.


"Әкем «Сендерді жек көрем, жиіркенем сендерден» деп бетімізге түкіріп отырады. Себебін әлі де толық түсіне алмадым. Мұңымды шағып біреуге айта да алмаймын. Өйткені өз туған әкем туралы жаман айтудың қаншалықты ауыр екенін білсеңіздер ғой. Сондықтан бүгін ішіме сыймай жүрген жайтты жазып отырмын.

Әкемнің жасы 59-да. Оның бізге деген қарым-қатынасын көргендер «өгей шығар» деп ойлайды-ау. Өйткені, көзімді ашқалы әкемнен қорлық көріп келеміз. Бізге көрсетпегені жоқ. Ішеді, шегеді. Менің анам - оның екінші әйелі. Бірінші әйелінен 2 баласы бар. Ал менің анам әкеме алты бала тауып берген. 3 әпкем, 2 інім бар.

Анам осы уақытқа дейін әкемнің барлық қорлығына шыдап келеді. Кезінде анамды талай рет қолына түскен затпен ұрып, көшені аралап қуып жүретін. Күнде ішіп келіп, таяқтың астына алып, ұрып-тепкілейтін. Ол кезде біз кішкентаймыз, ештеңе істей алмаймыз. Айтуынша, келін болып түскеннен бері ұрады екен.

Анам ол кезде жас болды. Әкемді жақсы көріпті, оның үстіне арада бірінен кейін бірі балалар болған соң ажырасу туралы ойламағанын айтады. Қазір анамның жасы келген, әкемнің таяғын көтере алмайды.

Әкеміз бізді жек көреді. Онысын екі күннің бірінде айтады. Ал ана бірінші әйелінен туған 2 баласын өлердей жақсы көреді. Біз сонша не істедік деп жылаймыз.

Әлі күнге дейін ішеді. Бірақ түрін көрсеңіздер ғой, бір әжім жоқ, жап-жас. Оның қасында анам кәрі көрінеді. Бетінің бәрі әжім, ауырмайтын жері жоқ, жасы болса 45-те. Біз үшін бәріне шыдап келеді.

Бізді де ұрады. Ауыр жұмысқа салады. Бұрын 2-ші сынып оқып жүргенде мені ұрғаны әлі есімде. Қалың ағашпен аяғымнан қатты ұрған 2 рет, сосын қолындағы ағашы сынып кеткен соң мені теуіп кетті. Содан кейін біраз уақыт жүре алмай қалғам. Тіземнің артынан ұрған, аяқтарымның бәрі көгеріп кетті. Анам мені жүре алмай қала ма деп қатты қорқып, жылағаны есімде. Бірақ, жүріп кеттім Аллаға шүкір. Енді осындай адамды анам қалай жақсы көрді, әлде әкемнің бірінші әйелі сиқыр жасап тастаған ба деген ой келеді."