«Алматының төңірегінде жүрген сияқты. Екі немерем сағынып жатыр...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
"Айрандай ұйып отырған отбасымның ортасына от түсті. Көз тиді ме, сөз тиді ме, не болғанын түсініп те үлгермедік. Соның әсерінен болар, қазір белімді көтере алмай қалдым. Дәрігерлер «ауруыңыз нервтен, күйзелістен» деп отыр. Күйзелмей қайтейін, айдай сұлу, алтын келінім екі баласына қарамай үйден кетіп қалса...", - дейді Бибіхан есімді түркістандық әйел.
Айтуынша ұлы мен келіні Алматыға жұмыс істеу үшін кетіп, ақырында келіні теріс жолға түсіп кеткен. Оқиғаның қалай болғанын Бибіхан ханым ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
"Екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым үйге әп-әдемі қызды келін етті. Обалы не керек, баламның алғаны жақсы шықты. Бес жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Бірде-бір рет бетіме келіп, қарсы шыққан емес. Ибалы, ізетті, қазақтың барлық салт-дәстүрін ұстанатын келін еді. Ішімнен келініме сүйсініп, Құдайға шүкіршілік етіп отыратынмын.
Былтыр көктемде балам менің інімнің жетелеуімен Алматыға жұмысқа орналасты. Айлығы жақсы, тегін пәтері бар дегесін әкесі екеуміз рұқсатымызды беріп, келін екеуін шығарып салдық. Бірақ екі баласын алып қалдық. Екі немерем маған қатты бауыр басып қалған еді. «Өздерің орналасып, жұмыстарыңа үйренісіп алғанша мен бағып берейін» дедім. Оған бала да, келін де қуанды. Бәрінен де Алматыда оқып жатқан кенже қызыма жақсы болды. Қыздармен пәтер жалдап тұрушы еді, енді аға-жеңгесінің жанында, әкесі екеуміздің көңіліміз жайланды.
Айына бір мәрте екі немеремді апарып, әке-шешесінің мауқын басып қайтып жүрдім. Барған кезде де келіннен де, баламнан да оғаш қылық байқамағам. Екі жақтап жұмыс істеп, өздері үй алуға ниет етіп жүрген. Сөйтіп жүрген екі жастың ортасына кім түсті? Кімнің тілі, кімнің сұғы тиді, біле алмай отырмын.
Бір күні таң атпай қызым хабарласты, «жеңшем сіздерге барды ма» деп сұрады. Даусында діріл бар, «ағам оны тауып алсам өлтірем деп отыр, мама, тез келіңізші» деп жылады.
Жағдайды сұрасам, соңғы үш айдан бері келініміз әлдекімдермен телефон арқылы хат алмасып жүріпті. Баламның жұмысы түнгі 11-ге дейін. Мұны білетін келініміз үйге кеш келуді жиілеткен. Келгенде де телефонын қолынан тастамай, қызымнан жасырып біреулермен сөйлесе бастаған.
Бір күні қызым телефонын ұрлап алып, ішін ақтарып көріпті. Сөйтсе келін шырақ бір емес, бірнеше жігітпен махаббат туралы әңгіме айтып, бір-біріне ашық-шашық суреттерін жіберген екен. Менің қызым жастықтың буымен жазған хаттарын суретке түсіріп, ағасына жіберген ғой. «Бес минутта үйде бол, мен сені өлтірем» деп әйеліне айтқан. Ондайға есі дұрыс әйел келе қоя ма, сол күйі қарасын батырыпты, телефонын сөндіріп тастаған.
Алматыға жеткеннен қызымның жер-жебіріне жетіп ұрыстым. «Мәселенің байыбына бармай жатып, аттандап, ағаңа неге жібересің? Алдымен маған айтпайсың ба?» дедім. Бірақ келінім кінәсіз болса үйге келіп, жағдайды айтпай ма?
Ташкенттің Шыршық дейтін жерінде тұратын құда-құдағиға хабарласып, болған оқиғаны айтып едім, «Бізге де келмеді, қызымыз хабарласып «уақыты келгенде бәрін түсіндірем, әзірге мені іздемеңіздер» деді. Өзіміз де уайымдап отырмыз» деді олар. Соған қарағанда келінім Алматының төңірегінде жүр-ау, Өзбекстанға кетсе әке-шешесі бір хабарын айтар еді.
Бізді қойшы, оп-оңай бас тарта салған шығар. Ал балаларының кінәсі не? Екеуі «мамама қашан барамыз, видеозвонокпен сөйлесейікші» деп айта береді. Болған жағдайға сене алмай дал болдым. Балам «өзіңнен кінә бар шығар, бірдеңе дедің бе, көңілін суытып алдың ба» деп сұрақтың астына алдым. Бірақ балам да, қызым да «өкпе-реніш болған жоқ» деп отыр. Осы уаққа дейін ерсі қылығын байқатпаған, сүйкімді, сүйікті, ағайын арасында мақтаулы болған келінімнің әлгі еркектерге жазған хаттары сұмдық енді. Бөтен адам сияқты. Ішім жанып барады, әлі де үмітімізді үзбей, болған жағдайды ағайын-туысқа айтпай отырмыз. Ұл-қызы үшін кешірім сұрап келсе, баламның қатқан көңілін жібітуге барымды салар едім. Себебі немерелерім ішігіп, қиналып жүр.
Осы жазбамды оқып отырса, айтарым, «Алтынай, пенделікпен қателікке бой алдырсаң, мен сені түсінемін, қарағым. Алдымды кескен кезің жоқ, сол үшін бір ашуымды беремін. Балам да сені жақсы көреді. Кеткеніңе көндіге алмай жүр. Үйге қайт, тура жолдан тайма, алтыным!»