"Алты балалы болса да ажырасты": келіншек ата-анасы айырылысқаны үшін ұялатынын айтты

0
283

"Олар ажырасқанда бес қыз анаммен қалдық, інім әкемізбен бірге тұратын болды"


көрнекілік үшін сурет: freepik.com

"Ерлі-зайыптылардың жеке өміріне балалары араласпауы керек, олар ажырасса да, бала үшін дәл бұрынғыша бірі - әке, бірі - ана болып қалады" деген пікір белең алуда. Екі жақтан махаббатын төксе, ата-ананың айрылысуының салқыны балаға тимейді дегенге сіз сенесіз бе?

Мәселен, ERNUR.KZ порталының тілшісімен сырласқан кезекті кейіпкеріміз мүлде сенбейді. Ол тіпті ата-анасының егде жасқа жеткенде ажырасқандары үшін өзінің ұялғанын айтты. "Мен сол кезде тұрмысқа шығайын деп жүргенмін. "Жігітіме не деп айтамын? Ол бұны қалай қабылдайды екен?» деп қатты қамықтым" деді келіншек өз сөзінде.


"Балалық шағым алаңсыз, бақытты сәттерге толы болды деп айта алмас едім. Қарапайым отбасында өстім. Баршылықта өмір сүрдім деп айта алмасам да, тым жұпыны да болған жоқпыз. Бірде жетіп, бірде жетпей жататын. Бірақ ешқашан аш-жалаңаш қалған жоқпыз. Бір жаманы, әке-шешеміздің бітпейтін ұрыс-керісіне куә болып өстік.

Неге екенін білмеймін, біз әкемізден аяқ тартатынбыз. Бәлкім, анамыз бізге солай тәрбие берген шығар. «Әкелерің келе жатыр», «Әкең көрсе ашуланады», «Әкеңе айтам» деп жиі айта берген соң, біз әкемізден именіп тұратын едік.

Әкем де қызға жақын емес. Айқайлап ұрыспаса да, үнемі қабағы қатулы болатын. Анаммен екеуінің арасында жиі-жиі келіспеушіліктер, кейде қатты ұрыстар болып тұратын. Бала емеспіз бе, олар ұрысып қалған кезде біздің де жай-күйіміз болмай, мазамыз кететін еді. Сол ұрыстарының нақты себебі қайда екенін түсінбейтінбіз. Кейін ұқсам, даудың басы – анамның кілең қыз балаларды дүниеге әкелгені үшін «жазықты» болған сияқты.

Бес қыздан соң көптен күткен ұл перзент дүниеге келді. Бірақ аңсап күткен ұлдарына жетсе де, әкем мен анамның арасындағы ұрыс азаймады. Әбден бір-бірімен керісіп үйреніп қалғандықтан болар, олар сол баяғыдай болмашыға ұрысып-керісіп, айғайласып қалатын.

Ақыр соңында екеуі екі жаққа кетті. Яғни, әкем мен анам ажырасты. Араларында алты бала болғанына қарамастан. ініміз әлі кішкентай, ал біз, қыздар - есейіп қалғанбыз. Соншама жасқа келгендерінде ажырасқандары үшін біз ұялдық. Есейген шақта "Ата-анасы ажырасып кетіпті" деген елдің өсегіне қалу да намысқа тиеді екен.

Мен сол кезде тұрмысқа шығайын деп жүргенмін. "Жігітіме не деп айтамын? Ол бұны қалай қабылдайды екен?» деп қатты қамықтым. Сонда да шындықты қалай жасырып қалам, болған жағдайдың барлығын ашып айттым.

"Мұндай жағдайлар өмірде болып жатыр ғой, түсінемін. Араларында не болғанын білмеймін, сол үшін бұл жағдайға қатысты ештеңе айта алмаймын. Сен де ол туралы ойламауға тырыс, уайымдама. Тек екеуміздің бақытты болашағымыз жайлы ойлайықшы" деді.

Олар ажырасқанда бес қыз анаммен қалдық, інім әкемізбен бірге тұратын болды. Ол кезде он бір жаста болатын, өз таңдауы солай болды.

Қазір үш қыз тұрмыстамыз, екі сіңлім - студент. Бұйырса, олар да өз теңдерін тауып, бақытты отбасы болып кетер. Інімізбен де ара-қатынасымыз жақсы, хабарласып, көрісіп тұрамыз. Ал әкем біз жайлы мүлдем сұрамайды екен. Біздің жағдайымыз қызық емес пе, әлде мүлде қыздарым деп сезінбей ме екен, білмедім.

Қисық түсінік пен қыңыр мінезінің кесірінен отбасымыз екіге бөлінді. Әйтпесе, біз де бір берекесі ұйыған шаңырақ атанып, төркіндеп барғанда аунап-қунап, ата-анамызға бірдей еркелеп, мауқымызды басып қайтар ма едік.

Сонда да әкеміз болғаны үшін оны жамандыққа қимаймыз. Қанша дегенмен, әкенің орны бәрібір білінеді екен. Әсіресе қыз бала үшін..."