«Өлсем де әскерге жібермеймін»: Алматылық азамат қиын жағдайдан қалай шығарын білмей отыр

0
1 899

​Ол ұлының әскерге барғанын қалағанымен, анасының да өміріне алаңдайды...


«Өлсем де әскерге жібермеймін»: Алматылық азамат қиын жағдайдан қалай шығарын білмей отыр

Қазір еліміздің барлық өңірінде 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, тестілеулерден өтіп, әскер қатарына алынуда. Десек те, әйтеуір бір себеп тауып, ұлын әскерден алып қалғысы келетін ата-аналар да жоқ емес. Мұндай ата-аналарды кінәлауға бола ма?


Әркімнің өз ақиқаты бар, себепсіз ешкім баласын әскерден алып қалмас. Мысалы, ұлдарын әскерден алып қалған әкенің бірі өз оқиғасын былай деп баяндап берді.



Алматылық Еркін есімді азамат ұлдарын неліктен әскерге жібермегенін ERNUR.KZ тілшісіне былай деп әңгімеледі:


«Қай әке ұлының әскери борышын өтегенін қаламайды дейсіз?! Бір-екі жыл қатаң тәртіпке бағынып, ата-анасынан жырақта өмір сүріп келген ұлдың денесі ғана емес, жігіттік мінезі де қатаяды. Әскерде болудың пайдасы болмаса зияны жоқ. Бірақ әр түрлі жағдай болады да, ата-ана ұлын қатарынан алып қалуға мәжбүр болады.

Мен ата-анамның ұлдан жалғызымын, бес әпкем бар. Жалғыз ұл болсам да әкем де, шешем де жұрт қатарлы әскерге барғанымды қалаған. Басқа облыста, екі жылдан аса уақыт борышымды өтеп келдім. Әскери тәртіп әлі күнге дейін бойымда бар. Ерте тұрам, төсегімді тақадай етіп жинаймын...

Үйлендім. Төрт қыз, екі ұлдың әкесі атандым. Қазір немерелерім де бар. Әкем бақилық боп кеткен, ал анам тірі. Анам тұңғыш немересін бауырына басып, өз баласындай көріп еді. Сол немересінің бұзықтығын жасырам деп, енді өмір бойы өкініп жүрмін.

Егер әу баста анамнан шындықты жасырмағанымда, кәрілік жақындағанда бұндай мәселе болмас еді. Бірақ әлі күнге дейін қарт анама сол бір құпияны айта алмай жүрмін.

Үлкен ұлым 19 жасында жатақханада бірге тұратын төрт-бес баламен қаладағы бір дүкенге ұрлыққа түскен. Күзетшіні ұрып талдырған. «Ине ұрлағанда – ұры, түйе ұрлаған да – ұры» емес пе?! Дүкеннің кассасынан арзымайтын ақша ұрлағанымен, күзетшінің денесіне жарақат салғаны үшін және топтасып ұрлық жасағандықтан, ауыр жаза тағайындалды. Адвокат жалдап, қолымыздан келгенін жасағанымызбен, заң алдында дәрменсіз болдық.

Бұны жүрегі ауру анамнан жасырдым. Ол сүйікті немересі студент атанғалы апта сайын ауылға келмесе, ішқұса боп ауырып қалатын. Сол немересінің істі болғанын, қылмыс жасағанын анамызға айтудан қорықтық. Анам сұрай бергендіктен, үйді кепілдікке қойып, сотқа дейін уақытша қамаудағы ұлымды шығарып алдым. Уақытша изоляторда екі апта болған ұлымның шашын тықырлап алып тастаған екен. Анам көріп шошып кетті. «Немереңіз әскерге кетейін деп жатқандықтан шашын алдырды» деп өтірік айтып алдадым. Сол кезде аузыма түскен сөз сол болған еді.

Ұлым бес жылға сотталып кеткенде, ауылдағы анама тағы да «Әскерге кетті. Қоштасуға да мұрша бермеді» деп өтірік айттым. Анам немересінің әскерге кеткеніне қуанбаса ренжімеді. Анам байғұс немересінің темір торға тоғытылғанын қайдан білсін?!

Алайда бір жылдан соң үлкен ұлымның түрмеде қайтыс болғаны туралы хабар келді. Оның өлімін анамнан жасыра алмадық. Өйткені баламның денесі үйге әкелінді.

Жыладық. Жоқтадық. Жазмышқа көндік. Бірақ анама сол күйі немересінің түрмеде болғанын айта алмадық. Анам оны әскери бөлімде төбелестен көз жұмды деп ойлады. Содан кейін анамда бір қорқыныш пайда болды. Ол «Әскер» деген сөзді естісе төбе шашы тік тұрады. Кенже ұл ержетіп, 18 жасқа жақындағаннан «Немеремді әскерге жібермеймін» деп отыр. Қарсы болсам, жігіт әскерде сыналып, шыңдалатынын айтсам, "мені өлтір де, жібере бер" дейді.

Ал мен өткен шақта қалса да әлі күнге дейін алдымнан шыға беретін сол бір шындықты қалай айтарымды білмеймін далмын.

Келесі жылы төрт қыздан соң өмірге келген екінші ұлым, яғни кенжетайым әскер қатарына шақырылады. Оның әскери қызметке қызығушылығы басым. Ол өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетінін жиі айтады. Оны басқа саланы таңдауға көндіре алмай жүрмін. Ал ұлым маған ренжулі.

«Болашағыма балта шапқыңыз келе ме? Арманымнан алыстатқаныңызды қаламаймын» дейді. Ал мен мұндайда сөз таппай қиналамын.

Талай жыл бұрын үлкен ұлымның түрмеде көз жұмғанын анамнан жасырғаным үшін өзімді жазғырамын. Шындықты айтқым-ақ келеді, бірақ анамның кәрі жүрегі ақиқатты көтере алмай ма деп қорқам...»


Ұқсас оқиғалар:


Ораза ұстап, балалы болдық»: түркістандық әйел перзентті болуға көмектескен ғибадаты туралы айтты


“Орамал тақпасаң ажырасам деді”: Көпбалалы әйел күйеуінің қойған талабына көндіге алмай жүр