​«Арамтамақ күйеуім алдап кетті»: ақтөбелік келіншек көрген қиыншылықтарын баяндап берді

0
4 336

«Жеңіл өмірді аңсаған екен»


​«Арамтамақ күйеуім алдап кетті»: ақтөбелік келіншек көрген қиыншылықтарын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Еркек деген рахат өмірге бірден бейімделіп кетеді екен. Әйел бір сәт күйеуіне жаны ашып, «бір жағына шығысайыншы» деп тірлікке араласса, бітті, мойныңа әдемілеп жайғасып, мініп ала салады. Мен де бір масылды төрт жыл бойы бағып, ақырында опық жеп қалдым», - дейді Маржан есімді әйел.


Жастайынан қиындық көріп, мойымай келген мықты әйел ERNUR.KZ оқырмандарына басынан өткен жайтты баяндап берді.


«Жас жиырмаға жеткенде есім кете ғашық болдым. Ол ауылдың қарапайым баласы болатын. Несімен баурағанын білмеймін, «осыған күйеуге тимесем өлем» деп жер тепкілеп отырып алдым. Оның маған үйленетін ойы болды ма, жоқ па, әйтеуір аяғым ауырлап қалғасын алып қашып, ауылындағы үйге апарған. «Екіқабат болсаң қайтейін, тимеші сол балаға, беті жылдыр ғой» деп екі жас үлкен әпкем қанша шырылдады. Мамам да «балаңды өзім өсірем, сен әлі жап-жассың, оқуыңды бітіріп алшы» деп райымнан қайтаруға тырысты. «Баламның әкесі тұрғанда күйеуге тимей, жетім етем бе» деп ақыры дегеніме жеттім.


Әкесі жоқ, үш әпкесі, бір інісі, екі қарындасы бар отбасына келін боп бардым. Енем мені о бастан жақтырмады. «Есігімді ауыраяқ боп аттадың» деп әр әңгімесіне қыстырып отыратын. Шынымды айтсам, келін боп түскен алғашқы айда-ақ оқуымды аяқтамай тұрмысқа шығып ккеткеніме өкіндім. Себебі күйеуімнің не жоғары білімі, не дені дұрыс жұмысы жоқ, азаннан кешке дейін сыныптастарымен көше кезіп жүреді. Бір күні енем «Киім-кешектеріңді жинаңдар да, қалаға қарай кетіңдер. Өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп қуып шықты.


Күйеуімнің ештеңемен ісі жоқ, қалаға бара жатқанына мәз. «Қайда барып тұрамыз, қайтіп күн көреміз» деп мен күйіп-пісіп, машинаның ішінде жылап келем. Ал ол «уақытша сенің мамаңның үйін паналай тұрайық, төрт бөлмелі ғой, әпкеңнен басқа ешкім жоқ» деді. Сонымен, мамамнан рұқсат сұрап, төркінге көшіп келдік.


Соңғы курс, диплом жазып, емтихандарды тапсыру керек. Ал анам мен әпкем күні бойы жұмыста. Ешкім мазаламағасын күйеуім де жатыпішер жалқау боп кетті. Кешке арып-аршып жұмыстан келсек теледидардың алдында мәштиіп жатады. Мамам да күйеу баласынан ұялып ең жақсы тамақтарды сатып әкеп, нанның жұмсағын соның алдына тосып бәйек боп кетті.


Бір күні мамам «Сенің күйеуіңнің жұмыс істейтін ойы бар ма, айтсайшы, еркек сияқты тірлік қылып, үйлі болуды ойласын! Қашанғы мен асырап отырам?! Бөлек шығып, өз күндеріңді көріңдер, үйімде емін-еркін жүре алмай қалдым» деп төтесінен қойып қалды. «Жұмыс жоқ болса өл дейсің бе, қайда барамыз күн болса суып қалды» деп күйеуім тоңқылдайды.

Ақырында шыдай алмай өзім пәтер іздеп, күйеуімді сүйреп, бөлек шықтым. Енді өзіне жауапкершілік алып, пәтердің ақысын төлеуге ойланатын шығар деп күткем. Қайдағы... күндіз студентпін, алған шәкіртақымды тірнектеп жинап, кешкісін ет сататын дүкеннің полын, сұлулың салондарының полын жуып, олардан түскен ақшаны үнемдеп жұмсап пәтерге әрең жеткізем.


Шынымды айтсам, өзім екіқабатпын, жеріктігім тағы бар, ет тамақ жегім келіп ішегім шұрылдайды. Ондайда мамамдарға барып «сіздің етіңізді сағындым» деп еркелеп, жеп келем. «Сорлы-ай, жарымадың ғой сен қыз» деп сөйлеп жүріп сөмкеме барын салып қайтарады. Бір күні мамам тағы шыдай алмай, «Анау күйеуіңді жібер, танысыма 200 доллар беріп, күзетші етіп кіргіземін. Айлық тауып, сені асырасын» деп қуантты.


Айым-күнім жетіп өмірге ұл әкелдім. Өзім баламен үйдемін, сонда да қарап отырмай курстық жұмыстар, дипломдық жұмыс жазып, ақша табам. Күйеуім жұмыста. Әкелген ақшасын үнемдеп жұмсап, пәтерге төлеп, тамағымызға жеткізіп отырдым. Балама жеті ай болғанда көрші әжеге тастап, өзім де жұмысқа шықтым. Күйеуіме шығысайын, әрі ертерек үйлі болсақ деген оймен тырбандым ғой. Қарбалас өмір басталды. Күндіз өзім оқыған университетте деканның көмешісімін, кешке салондардың еденін жуам. Түнде дипломдық жұмыс жазам. Ал күйеуім сол баяғы күзетте. Бір күн істеп келеді де, екі күн теледидардың пультын бермей жатады. Қосымша ақша табу ойына келген емес.


Бір күні тағы да өзім күйеуімнің алдына түсіп, идея айттым. «Бұлай пәтер жалдап қашанғы жүреміз, өз пәтерімізге төлейік одан да. Мен мамаммен сөйлесіп, үйін кепілге қоюға көндіріп келейін. Бізге бір бөлмелі болса да пәтер әперсін» дедім. Ол қуана келісті.


Не керек, ескілеу болса да бір бөлмелі пәтер алып, өз үйімізге көшіп алдық. Үйге кірген айда күйеуім «мына жұмыстың айлығы аз, пересадкамен барып келгеніңе де арзымайды» деп дайын жұмысынан шыға салды. Сандалып анда-мында жұмыссыз үш ай жүрді. Одан кейін бір жерге жүк көтеруші болып тұрып, денсаулығым келмейді деп шығып кетті. Күнде барын киіп алып жұмыс іздеуге кетеді. Мен айлық алған сайын маған анадай киім керек, мынадай киім керек деп өзін бірінші ойлайды, алмасақ ұрыс-керіс. Мен баламды туған соң толып кеттім, бұрынғы киімдерім сыймайды. Оны алатын ақша жоқ, ай сайын кредитке төлеу керек. Қысқасы, нағыз стресс енді басталды. Мамам мен әпкеме жылап баруға бет жоқ, «кезінде саған айтқанбыз» деген әңгімелеріне тойып алғам. Енеден қайран жоқ. Ішімнен булығып, өкпе-ренішті ішіме жинай беріп, зоб деген ауру тауып алдым.


Ал күйеуім жұмыс іздеуге кеттім деп шығады да, түннің жарымында бір-ақ келеді. Бір күні «мен жұмыс таптым, вахтовый жұмыс, 15 күнге бару керек» деп киім-кешегін жинап, үйден кетті. Ертеңіне хабарлассам телефоны сөндірулі. Ойым сан-саққа кетті, бір жағдай боп қалды ма, әлде ол жақта сеть ұстамай ма деп уайымдап жүрдім. Бір күні жұмыстан қайтып келе жатсам күйеуім бір әйелмен қарсы беттегі үйдің подъезіне кіріп бара жатыр. Әлгі жерде қырғын ұрыс болды. «Мына жүрісің не? Жұмысқа кеттім дегенің қайда? Мына әйелмен неғып жүрсің?» деп сұрақтың астына алсам, «енді сенімен бірге тұрмаймын, вечно недовольный әйелсің, шаршадым бәрінен» деп үйге қайтпай қойды. Жеңіл өмірге әбден үйреніп алыпты, қысылатын емес, әйелдің үйінде емін-еркін жүр.


Сол күйі оралмады. Заңды түрде ажырастық. Тағы басым істеп бір бөлмелі пәтерді анамның атына жаздырғаным дұрыс болған екен. Үй өзімізде қалды. Төрт жыл бір арамтамақты асырап, күйіп-пісіп жүргенім ғана ең нашар естелік боп қалды. Ол кеткесін қайта берекем кіргендей, үйімнің несиесінен аман-есен құтылып, баламды бақшаға беріп, жұмысымнан қызметім көтеріліп, астыма машина мініп алдым.


Арамтамақ еркектен еретерк құтылу керек, қыздар. Оларды асырап, екі-үш жұмыс істеп, «әлі-ақ бәрі жақсы боп кетеді» деп үміттеніп жүрген бір-екі құрбым бар. Айтарым, ондай еркектер ешқашан түзелмейді. Жеңіл өмір аңсайтын еркектерден жақсылық күтпеу керек».