«Баяғы тәкаппарлықтан жұрнақ та қалмаған»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Әдетте қыз баласы бойжете бастағаннан болашақ жарының қандай болып жолығатыны туралы ойлана бастайды. Мен де өсіп, оң-солымды тани бастағанда, әпкелерім тұрмыс құрып, жезделерімізбен үйге қыдырып келгенде солардың жүріс-тұрыстарына қарап, күйеуімнің кескін-келбетін, мінез-құлқын көз алдыма елестетіп отырушы едім. Бірақ ойдағы қиял мен өмірдегі реал кейде сәйкес келе бермейді екен» дейді Салима есімді әйел.
Алып қашудың құрбаны болған оқырманымыз талай қиындықты бастан өткеріпті. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Мектеп кезінен жүріп жүрген жігітім әскерге кеткен. «Барған соң екеуміз үйленеміз» деп хат жазып, екеуміз уәделесіп қойғанбыз. Бірақ туған жеңгем бір құда баласымен таныстырып, арамызға түсті. «Менің жігітім бар, маған уақыт құртып әуре болма» деп айтып, екеуміз бірінші таныстықтан соң қоштасып кеткенбіз. Бірақ ол екі күннен соң алып қашты. Аяқ асты танымайтын жігіттің жары боп шыға келдім.
Шынымды айтайын, күйеуімнің түрі маған дым ұнаған жоқ. Менің қиялымдағы адам басқаша болатын. Бойы да кіп-кішкентай, оның қасында мен сұлу, үлпілдеген жас едім. Өзімді оған қимай, қит етсе «мен саған амалсыздан тигем, ұнатпағам» деген сөздерді көп айттым. Содан ба, ол бірте-бірте мені қызғанып, үйде ұрыс-керіс көбейе бастады. Оған қоса адуынды енем бар, қит етсе мені жамандап, «қатының сылаңдап, айнаның алдынан шықпайды» деген сөзді қосып, күйеуімді қайрап қоятын.
Уақыт өте көшеде, өзімен-өзі кетіп бара жатқан еркек көрсе «мынау саған келіп, кетіп бара жатыр ма» деп көрінгеннен қызғанып, жұдырық ала жүгіретін болды. Ақырында ішімдікке салынып, берекеміз кетті. «Мен сенімен тұра алмаймын» деп киім-кешегімді жинап, әке-шешеме күйеуім мен енемді жамандап, төркініме қайтып бардым.
«Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп мамам марқұм құшағын жая қарсы алды. Бірақ ағам мен ініме менің қайтып келгенім жақпады. Жеңгем мен келінім де көзімді ала бере өзара сыпсыңдап, бөтен екенімді кәдімдігей сездіретін. Шешем, жеңгем, келінім, бәріміз бір үйде тұра алмадық. Әсіресе үш үйдің балаларының басы «піспеді». Ақырында қаладан пәтер жалдап, екі баламмен көшіп кеттім. Өз арбамды өзім сүйрегенім жөн деп шештім.
Екі баламен қалада өмір сүру оңай емес екен. Ай сайын пәтерақы деген келеді де тұрады. Аттап басқаның ақша, бәрі сатулы. Түн ішінде екі балама білдірмей көп жылайтынмын. Енем мен күйеуімнің ұрысынан қашқаныммен өмірдің қиындығынан қашып құтыла алмайтынымды жақсы түсіндім. Екі жылда төрт пәтер ауыстырыппын, қарап отырсам. Енді жайғасып, көңіл жайлана бастағанда «келесі айда пәтердің ақшасы көтеріледі» дегенді естисің. Амал жоқ арзанын іздеп, әркімнен қалған кір-қоңды жуып-шая беру де қажытып жіберді, шыны керек.
Жалғыздық жанға батады екен. Әсіресе көпшілікке қосылғанда қатты сезіледі. Туыстардың тойына бара қалсаң күйеуі бар сіңлілерімнің абырой-беделі менен биік. Ал мен елеусіз, бір шетте қалып кете берем. Сол себепті көпшілікпен араласуды да шектедім. Өмірдің мәні қалмағандай, осымен бар қызық біткендей жынданып кете жаздадым.
Бір күні құрбым үйге жылап келді. «Байым ұрды, бүйтті-сөйтті» деп жамандады. Мен осы уаққа дейін оларды ең керемет отбасы, бақытты жандар деп сырттай қызығып жүруші едім, мынауына таңғалдым. Солай сіңлілерімнің өмірлерін іштей зерттедім. Қарап отырсам ешқайсысының байы оңып тұрған жоқ. Бірі тойда ішіп алып маймыл болады, екінші біреуі көпшіліктің көзінше әйелін шешесінен сыбап, масқара етеді. Үшіншісі жатыпішер жалқау. Идеал еркек көрмедім. «Мыналардың қасында менің күйеуім тәп-тәуір екен ғой» деп кетіп қалғаныма өкіндім.
Ол жыл сайын тамыз айында балаларына мектепке қажетті киім-кешегін түгендеп беру үшін қалаға келетін. Ондай кезде үйге кіргізбей, өзім де шықпай, балаларды сыртқа шығарып жіберіп отыра беретінмін. Бұл жолы ілесіп барып, тамырын басып көрмек болдым. Сөйтіп екеуміз балаларға киім әперіп, дәмханада тамақтандық. Екі балам екеуміздің қатар отырғанымызға шын қуанып, ерекше көңілденіп кетті. Сонда да «бірге болайық» деп айтуға көкірегім жібермей отырдым.
Кеш түсе бастағанда ол бізді үйге әкеп тастады. Үлкенімнің есі кіріп қалған, ал кішісі әкесін ерекше жақсы көретін. «Папа, біздің үйге бір күн қоншы» деп жыларман болды. Сол түні екеуміз көп сөйлестік. Екеуміздің қателік жасағанымызды түсініп, балалар үшін қайта қосылуға шешім қабылдадық. Ертеңіне көлік жалдап, бізді ауылға көшіріп әкетті.
Арада біраз жыл өтіп кетсе де біздің ауылға келіп, қайта татуласқанымызға ата-аналарымыз шын қуанды. Енем де баяғыдай емес, мінезі жұмсарып қалыпты. Қазір менің қас-қабағыма қарап отырады. Бірақ күйеуімнің бұрынғы әдеті қалмапты. Ол ескі әуеніне қайта басты. Той-томалаққа бара қалсақ, үйге келгесін міндетті түрде ұрыс, айқай-шу шығады. Бетіме күле қараған адамның бәрінен қызғанып, арасында қол жұмсайды. Бірақ амал жоқ, осы өмірді өзім қалап, қайта қосылдым. Енді ішім жылап тұрса да сырт көзге бақытты жан секілді көрінуге тырысам.
Балалардың мазасын алмас үшін күйеуіме ренжімеуге, жаман жақтарын көрсем де көрмегендей болып, үнсіз қалуға тырысып бақтым. Бір сөзбен айтқанда одан үнемі өзімді бір саты төмен ұстай бастадым. Баяғы тәкаппарлықтан, «мен сұлумын, сені сүймеймін» деп керігитін Салимадан жұрнақ та қалмаған. Бұдан не ұттым, бақыттымын ба, жоқ па, оны өзім де білмеймін. «Байы бар» деген атақты алдым, бастысы осы...»