​«Байыңды өзің тәрбиелеп ал!»: түркістандық келіншек ата-енесіне деген өкпесін айтты

0
1 620

«Бір күйеуінің бабын жасап, тілін тауып, тәрбиелеп алмай ма?»


​«Байыңды өзің тәрбиелеп ал!»: түркістандық келіншек ата-енесіне деген өкпесін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адам шарасыз күйде қалғанда, тығырыққа тірелгенде өміріндегі сәтсіздікке әйтеуір бір адамды кінәлі еткісі келіп тұратын сияқты. Мен де отбасылық өмірімдегі ұрыс-керіс, айқай-шуға біресе күйеуімнің айыбын ашқан келінімді, біресе ата-енемді, күйеуімді кінәлап келдім. Сөйтсем олар мені айыптап отыр. «Жақсы әйел болып, күйеуіңнің басын төрге сүйремедің» деп бәрін маған ысырып қоя салмақшы. Шаршап кеттім, енді күресер шамам жоқ», - дейді Динара есімді келіншек.


ERNUR.KZ сайтындағы әрбір оқиғаны қалт жібермей оқитын оқырманымыз өз басындағы проблемасын тілшімізбен бөліскен еді.


«Кішкентайымнан нағашыларымның қолында тәрбиеленіп, сол үйден ұзатылдым. Әкем бізді тастап, басқа біреуге үйленіп кеткен. Ол кезде бес жасар қыз едім, еміс-еміс есімде. Кейін мамам мені әжемнің қолына тастап, қалаға жұмыс істеуге кетті. Сөйтіп екінші мәрте тұрмысқа шықты. Соңымнан ерген інім мен сіңлім бар.


Мен ауылда оқыдым, нағашыларым жақсы тәрбие беріп, ештеңеден кем қылмай өсірді. Кейін қалаға келіп, колледжге оқуға түстім. Аспаздықты бітірдім. Тамақ жасау, түрлі тәттілерді пісіруге кішкетайымнан әуес едім, арманым орындалды. Қазір бір мейрамханада жұмыс істеймін. Оқуымның нанын жеп отырмын.


Колледжде оқып жүргенде қазіргі күйеуіммен танысқам. Машинасымен қалада такси боп жүрген екен. Пәтеріме дейін шығарып салып, кейін екеуміз жүре бастадық. Танысқанымызға бір жылдай болғанда ол мені ауылындағы бір кафеге туған күніне шақырды. Бірге оқыған группалас қызбен барып, сол жерде алдап үйіне апарып, басыма орамал салды.


Қазір ата-енем, қайынсіңлім, бәріміз бірге тұрамыз. Бір қыз, бір ұлымыз бар. Отбасылық өмірдің тоғызыншы жылына аяқ бастық. Бірақ бақытсызбын. Күліп, жадырап жүргенімнен жылағаным көп. «Басында сондай болады, үйреніп кетесің» деп айналамдағы адамдар айтқан соң, «солай болуы керек екен ғой, уақыт өте басылар» деп шыдап жүре беріппін.


Күйеуімнің жоғары білімі жоқ. Астанада құрылыста екі жыл істеп, тапқан ақшасына машина алған екен, соны ермек қылып күні-түні көше кезіп жүреді. «Таксовать етіп келем» деп азанда шығып кетеді, содан түннің бір уағында келеді. Бірақ үйге тигізіп жатқан пайдасы жоқ, екі нан алып кірмейді. «Машинама май алдым, пәлен деген темір алдым, түген жері кетіпті, соны жөндеттім» деген бітпейтін сылтауы бар. Бірақ оның сыныптастарымен ақшаға карта ойнайтынын, тапқанын соған, ішетін суы мен темекісіне жұмсайтынын жақсы білем. Бір ашуланатыным, әке-шешесі балаларына «мынау жүрісің не» деп бір ауыз қарсы сөз айтпайды.


Тұрмысқа шыққалы өзім жұмыс істеп, керек-жарағымды өзім аламын. Үйге қажетті техника, ұсақ-түйек, жиһазға дейін бөліп төлеу арқылы несиеге алдым. Күйеуім уақыт өте келе еркелігін қойып, есейіп, жұмыс істер деуші едім. Әзірге оның ауылы алыс боп тұр. «Мама, Дулат қашанғы осылай жүреді, бір ауыз айтсаңыздаршы» деп енеме талай айттым. «Бізден кетті, саған жетті, байыңды өзің тәрбиелеп ал. Оның сыры бізден гөрі саған мәлім» деп жолатпайды. Соншалықты мейірімсіз, тасжүрек, баласына жаны ашымайтын неткен ана екенін...


Күйеуімнің табыс таппайтынына да, жатыпішер жалқаулығына да төзіп келдім ғой, ары қарай да көне берер ме едім. Бірақ соңғы жағдай мені екіойлы етіп қойды. Бірде ол таң ата келді де, шешініп жатты. Үстіне көрпе жабуды ұмытып кеткен. Іш киімін теріс киіп алыпты. Таңертең көзімше оңғаратып киіп кеткені анық есімде. «Бұл қайда барды?» деген арам ой жылт ете қалды. Бірақ кімнен не деп сұрарымды білмеген соң, үндемей жүре бердім. Арада екі-үш күн өткенде күйеуімнің туысқан інісінің әйелін көшеде кездестіріп қалдым. «Жеңге, қалайсыз, өткенде ағай аман-есен жетіп алды ма?» деп әңгімесін бастады.


Жаңағы, ішкиімін теріс киіп келген күні ол ішіп алып көлігімен қайнымыздың үйіне барыпты. Сөйтіп түн ішінде айқайлап, бәрін тұрғызған. «Мен машинаны айдай алмаймын, жүр» деп қайнымды ертіп шыққан. Сонда келінім көліктің ішінде тағы бір бөтен әйелдің отырғанын көріпті. «Қайынаға біреумен жүреді-ау, әлгі қызды құшақтап, артқы орындыққа отырып алды» деп көрген-білгенін жіпке тізгендей айтып берді.


Үйге келген соң күйеуіме айғайлап, жылап, қасындағысының кім екенін сұрап едім, ол өзіме тарпа бас салып, жауаптан тайқып кетті. Осы жағдайдан кейін не істерімді білмей басым қатып жүрмін. Жұмысқа барамын, келемін, меңіреу адам секілдімін, ешкіммен сөйлесе алмаймын. Кетіп қалайын деп қанша оқталсам да екі баламды ойлап, райымнан қайтып қалам. Өйткені нағашыларыма енді екі баламмен сыймаймын. Ал мамамның өз өмірі бар, күйеуі бар. Оның үстіне әкесіз өскеніннің қандай екенін жақсы білем, балаларым үшін жүрмін.


Ал бұл ойымды күйеуім әлсіздікке балайтындай. Бірдеңе деп қарсы сөз айтсам, «Ұнамасам кете бер, сені кім ұстап тұр?! Кете бер, жолың ашық» деп жақтырмайтынын ашық білдіреді. Тіпті бір жолы ұрып, үйден қуып та жіберді. Лажсыз әжемнің алдына бардым. Қартайған кісіге бұл жағдай оңай тимеді. Дереу телефонмен енеме хабарласып, сұрап еді. «Келіннің өзінен де бар, «жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді» деген бар. Біз оған артық әңгіме, жұмыс тапсырмаймыз. Бір күйеуінің бабын жасап, тілін тауып, тәрбиелеп алмай ма?» деп бар кінәні менің мойныма арта салыпты. Сонда оның маған дейінгі тәрбиесіне, жалқаулығына анасы боп ол неге жауап бермейді?!


«Қой, қызым, ақымақ болма, балаларың өссе әлі-ақ жеңіп шығасың, сәл шыда» деп әжем мені күйеуіме жетектетіп қайтарып жіберді. «Қайтып келетінің бар, нең бар кетіп» деп мырс-мырс күліп үйге әкелді. Одан кешірім күтудің өзі ақымақтық сияқты. Оның өзгермейтінін ішім сезеді.


Ұят та болса айтайын, әлгі енем «өзің кінәлісің» деген соң әйелдің энергияны көтеретін, төсек қатынасын жақсартанын неше түрлі курстарды сатып алып, бәрін істеп көрдім. Нәтиже жоқ. Әлде біздің арамыз әлдеқашан суып кеткен бе, одан селт еткен сезім байқамадым.


Әке-шешем бар болып, олар менің сөзімді сөйлеп тұрса бұл үйде бір минут та қалмас едім. Жетім көңіл боп, арқа сүйер ешкім болмағасын бұл мені осылай басынып жүрген секілді. Мұндайда не істеу керек, ақыл қосыңыздаршы».