"Күйеуім – кәсіпкер, мен – үй қызметшісі. Осындай екі сатыдағы адамдардың тең дәрежеде сөйлесіп, тіл табысуы өте қиын"
"Тұрмысқа шыққаныма жиырма жылға жуықтады. Он бес жыл бойы бала күтімімен үйде отырып, қоғамдық жұмыстарға араласа алмадым. Оқыған мамандығым бар болса да, дипломмен жұмыс жасамадым. Арасында дүкен, үй шаруасы, асхана жұмыстары, бала-шаға деп жүре беріппін. Солай жүріп, отбасымыздың қалай тоқырау кезеңіне тап келгенін де байқамай қалыппын" деп өкінішін жеткізді ERNUR.KZ тілшісіне астаналық әйел.
"Осы себептердің әсері шығар, отағасымен арамыз суып кетті, бұрынғыдай сезім қалмады. Ол ғана емес, тіпті балаларым да менен тек аспаз, үй қызметшісін көре бастады.
"Әйел адам өзін отбасы үшін құрбан етуі керек" дегенді тікелей түсініп қалған мен осы уақыт аралығында өзіме көңіл бөлмеппін. Өзіме уақыт арнамаппын. Негізінде әйел адамның да адам екенін өзге емес, алдымен өзіміз ұмытпауымыз керек екен.
Әйел адам да дамуы керек. Ал мен сол бір орында қалып қойған сияқтымын. Тіпті отағасымен ортақ әңгімеміз де жоқ. Бұлай болуы да заңдылық секілді. Өйткені, ол кісі – кәсіпкер, мен – үй қызметшісі. Осындай екі сатыда тұрған адамдардың бір-бірімен тең дәрежеде сөйлесіп, тіл табыса алуы өте қиын жағдай. Тек қана ерлі-зайыпты болған соң, ортақ балаларымыз бар болғандықтан амалсыздан бір шаңырақтың астында тұрып жатқандай күйдеміз.
Бірден шығатын жол іздедім. Ең алдымен өзіммен жұмыс жасау керек екенін түсіндім. Жеке терапияға бардым, оқуға тапсырдым, қосымша курстарға бардым. Шынында да қоғаммен араласқан адам қараңғылықтан шығудың жолдарын көре бастайды екен. Менің де өмірімде біртіндеп өзгерістер орын ала бастады. Өзімнің ішкі халімді дұрыстай бастағанда үйге береке кіре бастады.
Әлбетте бұл халімді көрген күйеуімнің де, балаларымның да маған деген көзқарастары өзгеріп, бұрынғыдай қарамайтын болды.
Мен өзімді отбасылық пирамиданың ең төмен сатысына қойып жүрген екенмін. Өзіммен жұмыс жасаудың арқасында қазіргі таңда барлығы өз орнына келді. Дәл қазір өзім армандаған өмірді сүрудемін. «Мен бақытты әйелмін!» деп бар әлемге жар салып, айғайлап айтқым келеді. Бастапқыда қорқып едім, енді отбасымыз құрдымға кете ме деп. Бірақ, мен тез арада есімді жинап, әрекетке көше алдым.
Егер сіз де «Отбасылық кризиске» келіп тірелген болсаңыз, қалың күйзелістен, депрессиядан шыға алмай жүрсеңіз, менің қолданған амалымды жасап көріңіз. Әрине, мұның барлығы да қазір айтуға оңай болып тұр дерсіз. Бірақ қайтпай талаптанған, барынша тырмысқан адам шығар шыңына аз уақытта ма, ұзақ уақытта ма – әйтеуір бір шығады. Сондықтан, менде осындай жағдай деп өмірден түңіліп отыра бермей, еңсеңізді тіктеңіз.
Адам алдымен өзі бақытты болғанда ғана айналасына бақыт нұрын сеуіп, шуағын шашу анағұрлым жеңілірек болатынын түсіндім осы кезде. Кеш те болса түсінгеніме шүкір. Бірақ әлі де түсіне алмай жүрген адамдарға менің өмірім сабақ болсыншы. Өзі бақытты болған әйел ғана күйеуін бақытты ете алады, өзі бақытты болған ана ғана балаларына бақыттың, қуаныштың дәнін еге алады."