Сурет: sun9-79.userapi.com
"Отбасының баға жетпес құндылығы да, ата-ананың баласына берер ең үлкен мұрасы да – тәрбие. Ал сол тәрбиенің ең басты құралы – еңбек. Осы пікірімді дәлелдеу үшін бірер мысал келтірейінші" деді ERNUR.KZ порталының түркістандық оқырманы Жаңагүл апай.
Оның бөліскен оқиғасы расында да көпшілікке сабақ болатындай.
Осы орайда ауылда, қарапайым отбасында өскен сыныптасымды да мысал етейінші. Оның әкесі қатаң тәртіптегі кісі еді. Бала кезінен оған бос жүруге мүмкіндік бермеді. Қой бақты, отын жарды, егін екті, сиыр саууды да үйренді. Сабақтан кейін далада ойнау деген жоқ, алдымен жұмысын бітіріп алатын. Біз оны кейде аяйтынбыз. Бірақ сол досым бүгінде өз кәсібін ашқан, табысты кәсіпкер. "Бала күнімде қиын болды, бірақ дәл сол кезде ең мықты университетті бітірдім – еңбектің университетін" дейді өзі. Қазір оның қос-қос пәтері, бірнеше дүкені бар.
Ал көршіміздің мен қатарлы баласы жалғыз ұл болғандықтан үй шаруасына араласпай өсті. "Біздің баламыз жұмыс істемесін, сабақ оқысын" дейтін ата-анасы. Бірақ есейгенде оның қолынан ештеңе келмейтінін өзі де, ата-анасы да түсінді.
Қазір анасы оның үйленгенін, жұмыс тапқанын армандап жүр.
Қазақта "Жастықтағы бейнет – қарттықтағы зейнет" деген сөз бар. Бала кезінен еңбекке араласқан адам есейгенде ештеңеден қорықпайды, кез келген қиындықты еңсеруге қабілетті болады. Ең бастысы – өзіне сенеді.Менің әжем "Баланы аяған ақымақ қылады" деп айтып отырушы еді. Хатыма арқау еткен үш оқиға әжемнің осы сөзіне дәлел.
Қазір көп ата-ана баласын аяп, жұмысқа қоспай өсіреді. Есіңізде болсын, бұл – ер баланы әлсіз ету деген сөз. Қолын суға тигізбеген бала өмірдің соққысына дайын болмайды. Балаңызды жақсы көресіз бе? Онда аямаңыз, еңбекке үйретіңіз.
Ер баланы еңбек құртпайды, қайта шыңдайды, тұлға етеді."